Өткен сенбі Атырауда менингиттен әскери қызметкер көз жұмды.

Көлеңкелі тұсы көп «дерті байқалмаған» өлімге қатысты Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы:

«26 қазан күні әскери бөлімнің фельдшері әскери қызметшіні ауыр жағдайда облыстық ауруханаға жеткізді. Клиникалық-зертханалық тексерістердің және салалық мамандардың консультацияларынан кейін науқасқа «менингококк инфекциясының күрт асқынатын түрі» деген болжалды диагноз қойылды. Науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Жүргізілген интенсивті терапияға қарамастан, ол 5 сағаттан кейін қайтыс болды», – деп мәлімдеді.

Бізге белгілі болған мәлімет бойынша, сарбаз медициналық қызметке 26 қазан күні жүгінген. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау қаласындағы «2016 әскери бөлімінің» сарбазы, марқұм әскери бөлімге 16 қазан күні келген деседі.

«Денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның анық-қанығын тексеру үшін комиссия құрды. 27 қазан күні әскери бөлімде эпидемияға қарсы, алдын алу шаралары өткізілді – науқаспен қарым-қатынаста болғандардың барлығын дәрігер қарап шықты, антибиотикопрофилактика басталды. Байланыста болғандардың арасында менингококк инфекциясын жұқтыру белгілері бар тұлғалар анықталған жоқ. Медициналық бақылау жалғасуда», – дейді басқарма өкілдері.

Әскери бөлімге келетін кез келген сарбаз кешенді медициналық бақылау комиссиясының тексеруінен өтетінін ескерсек, бұған қалай жол бергенін сау еспен түсініп жету қиын. Қазанның ортасы мен арадағы он күнде белгілі болмай, дәм-тұзы таусылуына бес сағат қалғанда ғана анықталатындай не дерт бұл, мұны аңғармайтын әскери бөлімнің дәрігерлері мен әскери нысанға жолдама берген медициналық комиссияның кәсіби біліктілігіне күмәнданбасқа лаж жоқ. Әкеден ұлын, ағадан інісін, қарындастан ағасын айырған қайғылы оқиға Атыраудағы денсаулық сақтау саласына қатысты бірінші жағдай емес. Қоғамдық резонансқа дейін ұласатын медициналық мекемелердегі даудың көптігі соншалық,  әзірге біреуінің басын қайырып, нүкте қоятын түрі жоқ. Мәселе созылмалы әрі терең сипат алған.

Қарапайым ғана әскерінің, жай емес ҰҚК сарбазының бейбіт күндегі денсаулығын бақылап, дер кезінде шара қолдануға жарамаған қорғаныс саласының «кемелдігі мен беріктігіне» де күдік туады. Ашықтық, жауапкершілік және сыни көзқарас жоқ жерде «түсініксіз» жайттар көбейеді.

"The Qazaq Times"