АҚШ-тың Вице-министрі Майк Пенстың Израильге ресми сапары аяқталды. Ол Дональд Трамптың Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындаған мәлімдемесін растап, Америка елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіру жұмысы 2019 жылдың соңына қарай аяқталатынын хабарлады. Оның АҚШ пен Израиль қарым-қатынасының тереңдігі жөніндегі сөздері мен иудаизм дініндегі қасиетті орындардың бірі Батыс қабырғаға (Western Wall) баруы мыңдаған палестиналықтардың қала көшелеріне шығып, қарсылық білдіруіне ұласты. Бұл туралы AFP ақпараттық агенттігі жазды.
Палестиналықтардың бір бөлігі Израильге өтер тұстағы тексеру пунктіндегі қауіпсіздік қызметкерлеріне тас лақтырып, олар халыққа қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды. AFP тілшісі пікір алған бір тұрғын: "Халықтың көшеге шығуы ештеңе өзгертпейді. Тек дүкендер ғана жабылатын болды", - деп, үмітсіздік танытқан.
Палестинаның Израильмен арадағы ұзақ жылдарға созылған дауы екі тарап үшін де әділ шешілетініне деген үміті азаюға негіз бар. Жақын күндері Еуропа мемлекеттерінің басшыларымен кездескен Палестинаның Президенті Махмұд Аббас олардан нақты қолдау ала алмады. Ал АҚШ-тың арнайы өкілі Майк Пенс "Америка мен Израильдің қарым-қатынасы ешқашан мұндай терең болған емес" деген жылы пікір білдірді.
Палестина Иерусалимнің шығыс бөлігін өзінің болашақта жарияланатын мемлекетінің астанасы деп есептейді. Америка өз кезегінде "Израиль Иерусалимнің жоғарыда аталған шығыс бөлігін заңсыз оккупациялаған және бұл жер оның иелігі емес" деген тұжырымға сенбейтінін танытты.
Иерусалим қаласының статусы екі ел арасындағы келіссөз нәтижесінде анықталмаған. АҚШ оны Израильдің астанасы деп жариялаған әлемдегі алғашқы мемлекет. Дональд Трамптың бұл мәлімдемесіне мұсылман мемлекеттерінен бастап, Еуроодақ басшыларына дейін түгел қарсылық білдірген болатын. Дегенмен, оның Израиль мен Палестина қарым-қатынасына ұсынған өзіндік сценариіне айқын қарсылық көрсетіп, тосқауыл болуға тырысқан мемлекет әзірге көрінбейді.