Оңтүстік Корея Пиоңяңға осы жылдың ақпан айында өтетін Олимпиада ойындарына Солтүстік Корея спортшыларының қатысу мүмкіндігін талқылау үшін кездесуді ұсынды. Осыдан бұрын Солтүстік Корея Президенті Ким Жоң Ун Пхенчханда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына өз елінің атынан құрама жіберу туралы ойлану үстінде екенін хабарлаған еді. Оңтүстік Корея басшысы келесі аптаның сейсенбісіне жоспарланған кездесу қос тараптың қарым-қатынасын жақсартуға жол ашатынына сенім білдірді. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Екі елдің өкілетті тұлғаларының бас қосуына қанша делегат қатысатыны әлі белгісіз. Өйткені Солтүстік Корея әлі жауап берген жоқ. Дегенмен кездесу Панмунджомдағы демилитациялық зонада орналасқан ауылда өтеді деп күтілуде. Бұл - қос Корея мемлекетінің кездесулері басталған тарихи жер.
2015 жылы желтоқсан айында болған кездесу ортақ шешімге келместен аяқталды. 2017 жылы Оңтүстік Кореяның әскери қимылдар мен соғыс кезінде бір-бірінен ажырап қалған отбасыларды жақындарымен қауыштыру мәселесін талқылауға шақырған ұсынысы жауапсыз қалды.
Бірақ жаңа жылдың алдындағы сөзінде Солтүстік Корея Президенті Ким Жоң Ун барлық келіссөздерге дайын екенін айтқан болатын. Бұл көрші мемлекет пен әлем басшыларының кеудесіне үміт сыйлағанымен, оның АҚШ-қа қарсы ядролық қару батырмасы әрдайым үстел үстінде екені жөніндегі мәлімдемесі барлық сенімнің күшін жойды.
Оңтүстік Кореядағы Қысқы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің Президенті Ли Хи Бем Yonhap ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында: "Көрші мемлекет спортшыларының жарысқа қатысуы жаңа жылдық сыйлық болар еді", - деп мәлімдеген. Солтүстік Корея 1988 жылы Сеулда өткен Олимпиада ойындарына бойкот жариялаған болатын. Пхеньян Олимпиада ойындарына қатысу квалификациясына ие, мәнерлеп сырғанау спорты бойынша Риом Тайек пен Ким Жу Сикты ресми тіркеу процесіне кеш қалғанымен, спортшылар Халықаралық Олимпиада комитетінің шақыртуымен додада бақ сынай алады.