АҚШ Президенті Дональд Трамп жариялаған жаңа Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында Ресей мен Қытай Американың әлемдегі экономикалық басымдығына басты қауіп төндіруші мемлекеттер есебінде көрсетілген. Уашингтондағы Рональд Рейган атындағы ғимараттың алдында тұрып сөз сөйлеген Президент өзінен бұрынғы Ақ үй әкімшіліктерінің сыртқы саясаттағы қателіктеріне тоқталып, Пәкістан мен Солтүстік Кореяның әрекеттерін сынға алды. Бұл туралы ВВС және AFP ақпараттық агенттігі жазды.
"Америка бәсекелестіктің жаңа дәуіріне бет түзеді. Ресей мен Қытай бізге негізгі қарсылас күштер, дегенмен олармен жақсы қарым-қатынасты сақтау керек", - деген Дональд Трамп Владимир Путиннің Ресейдегі болжалды террорлық акті туралы ақпаратты тексеруге АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы көмектескені үшін арнайы алғыс білдіріп, қоңырау шалғанын мысалға келтірді.
Жаңа стратегияда Президент АҚШ-тың қауіпсіздігінде төрт маңызды бағытты атап көрсеткен: территориялық қауіпсіздік, экономикалық өрлеу, Американың әлемдегі ықпалын арттыру, мемлекеттің қорғаныс қабілетін бейбітшілікті сақтай отырып күшейту .
Алпыс сегіз беттен тұратын құжатты дайындау жұмыстарына Ақ үй қызметкерлері осыдан 11 ай бұрын кіріскен. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы Дональд Трамптың сайлауалды кампаниясы кезінде халыққа берген уәделерін орындауға бағытталған.
Өзінің бір жылға жуық уақыт ішіндегі қызметіне тоқталған ол қысқа мерзім ішінде әлем Американың қайтадан мықты қалпында оралғанына бірнеше рет куә болғанын жеткізді. "2016 жылы маған дауыс берген кезде халық Американы қайтадан ұлы етуді таңдады", - деді Трамп. Американың әлемді дүрліктірген мәлімдемелеріне ол Париж климаттық келісімі және Транс-Тынық мұхиттық әріптестік сауда келісімінен шығуын атап өтті.
Өзінен бұрынғы Америка басшылары АҚШ-тың тағдырын бақылаудан шығарып алғанын айтқан Дональд Трамп, Солтүстік Кореяны зымыран сынақтарын доғармағаны, ал Пәкістанды экстремистерге қарсы күреске үлес қоспай отырғаны үшін айыптады.