Венесуэла Президенті Николас Мадуро 2018 жылы әлеуметтік жағдайлар үшін жұмсалатын бюджет шығындары 70%-дан асатынына уәде берді. Бұл туралы Union Radio радиостанциясы хабарлады, деп жазды РБК.

"Біз мемлекет бюджетінің 72%-ын әлеуметтік саясат шығындарына, яғни мәдениетке, білімге, денсаулық сақтау саласына, тұрғын үйге, демалу және спортқа жұмсайтын  боламыз", - деді Мадуро.

Бұдан бөлек ол ел үкіметі Венесуэлаға қарсы жасалған барлық экономикалық соғыс әрекеттерімен күресетінін айтқан.

Айта кетейік, 2014 жылдан бастап мұнай бағасының құлдырауы салдарынан Венесуэлада басталған экономикалық дағдарыс күн өткен сайын қиындап барады. Мысалы Standard & Poors халықаралық рейтинг агенттігі (S & P) пайыздық төлемдер белгіленген мерзімде төленбеуіне байланысты Венесуэланың шетел валютасындағы міндеттемелерін дефолтты деңгейіне дейін төмендетті.

Сондай-ақ, елдегі экономикалық және гуманитарлық дағдарыс деңгейі инфляция және ұлттық валютаның құнсыздануымен қатар ұлғая түскен. Халықаралық валюта қоры елдегі "тұтыну бағасының өсімі 2018 жылы 2349,3% деңгейінде болады" деген болжам айтып отыр.

Мұнай бағасының құлдырауы тек Венесуэла емес, мұнайлы Қазақстанға да оңай әсер еткен жоқ. Ұлттық қордың біраз бөлігі экономикалық шығындарды жабуға жұмсалды. Теңге құнсызданып, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеді.

“The Qazaq Times”