БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі АҚШ-тың Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындауына байланысты кезектен тыс жиын өткізді. Американың Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыстардың қайта жандануына себеп болған шешімін әлемдік деңгейде талқылауды Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне кірмейтін 14 мемлекеттің 8-і қолдаған. Бұл туралы AFP ақпараттық агенттігі жазды.
БҰҰ-ның Таяу шығыстағы бейбітшілік мәселелері бойынша өкілі Николай Младенов АҚШ-тың әлем елдерінің ескертуіне қарамастан қабылдаған асығыс шешімі өңірдегі тұрақтылықты бұзуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірді.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли Дональд Трамп Палестина мен Израиль арасында ондаған жылдар бойы шешімін таба алмай келе жатқан шекара мәселесінің соңғы нүктесін қоюға алғашқы қадам жасағанын айтады. Америкалық өкіл Израиль Үкіметі мен Парламентінің Иерусалимде отырғанының өзі бұл қаланың астана атануға әбден құқылы екенін көрсететінін атап өтті. "Мен бүгінгі бас қосуға жиналған азаматтардың алаңдаушылығын түсінемін. Өзгерістер қашанда күрделі", - деді Никки Хейли.