Бангладеш мен Бирма тамыз айында болған қанды қақтығыстан кейін бас сауғалап босқындар лагерін паналаған Рохинджа мұсылмандарын туған еліне қайтару туралы келісімге қол қойды. БҰҰ-ның мәліметінше 25 тамыздан бері Бангладештің жағалауындағы лагерьлерге қоныс аударғандардың саны - 620 мың адам. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
Мьянманың көшбасшыларының бірі, әлемдік қауымдастықтың қатаң сынына ұшыраған бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Аунг Сан Су Чжи мен Бангладештің Сыртқы Істер министрі Махмұд Әли Рохинджа мұсылмандарын Ракхайн аймағына қайтару туралы келісімге қол қойды. Алдағы үш апта ішінде репатриацияның негізгі шарттарын құру үшін арнайы жұмыс тобы құрылады. Екі айдан кейін босқындар лагерін паналаған этникалық қақтығыс құрбандарын еліне қайтару процесі басталады деп күтілуде.
Босқындарды қабылдағаны үшін әлем тарапынан марапат пен алғысқа бөленген Бангладеш соңғы уақытта Рохинджа мұсылмандарының елден кеткенін қалайтынын білдірді. Өйткені лық толы лагерьлер тек гуманитарлық көмек есебінен күн көріп отыр. ЮНИСЕФ-тың хабарлауынша, босқындар лагерінде 25 мыңға жуық бала азық-түлік жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр. Аштық пен індеттің таралу қаупі жоғары мекенді паналауға келген Рохинджалықтар Бирма билігінен көрген теперіштері мен зорлық-зомбылық фактілерін журналистерге жайып салды. Өз кезегінде Бирма билігі тек мемлекеттік күштерге қарсы шыққан басқыншы топ өкілдерін ғана жазалағанын айтады.
Мьянмаға арнайы сапармен барған АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон да Рохинджа мұсылмандарына қарсы жасалған әрекеттерді "этникалық тазарту" фактісі деп тауып, айыптаған болатын.
Еуроодақтың бас дипломаты Федерика Могерини осы аптаның басында Мьянмаға сапарынан кейін, репатриация бойынша келісімнің қабылданғанын қолдап, РОхинджа мұсылмандарының Отанына оралуы қауіпсіз болуын қадағалау керектігін ескертті. Әзірге қанша мұсылманның қандай уақыт аралығында Мьянмаға оралатыны белгісіз.
Мьянмада азаматтық берілместен өмір сүріп келген рохинджалықтар Бирма билігі мемлекеттің өзге тұрғындарымен тең құқылы азаматтық бермесе, Отандарына оралудан бас тартатындарын жеткізді. Олар Мьянмаға босқындар лагерін паналау үшін қайта барғылары келмейді. Көп жылдар бойы буддистер басым аймақта "Бирма азаматы" деген төлқұжатқа қол жеткізе алмай келген мұсылмандар туған жерлеріне толық құқылы азаматтар болып қана қайтатындарын айтты.