Бүгін Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінде 27 қазанда ҚР Президенті жарлығымен бекітілген латын әліпбиінде диктант жазу шарасы өтті.
Диктант жазуға саясаттану мамандығында білім алып жатқан 1-4 курс студенттері мен магистранттар қатысты. 60-қа жуық студент "Қайран Құлагер" деген тақырыпта диктант жазды және алынған мәтінде апострофпен белгіленетін қазақ тілінің төл дыбыстары жиі ұшырасты. Диктант жазу кезінде байқағанымыздай, мұнда тек қазақ тілді студенттер ғана емес, шетелден келген студенттер де қатысты.
Жалпы 165 сөзден тұратын диктантты студенттер 47 минут шамасында жазып шықты. Көпшілігі жаңа әліпбимен танысқанмен, әлі жазып көрмегендері белгілі. Өйткені диктантта кездескен бір ғана "қария" сөзін бір емес бірнеше студент "қалай жазамыз?" деп сұрады. Тіпті "халық" сөзіне келгенде де "х" әрпін латын әліпбиінде қалай таңбаланатынын шатастырғандар табылып жатты және көпшілігі диктантты ұялы телефондағы және қағазға шығарылған жаңа әліпбиді қолдана отырып жазды.
Студенттер диктант жазып болғаннан кейін шетелден келген азаматтарың бірінен диктанттың қалай болғанын сұрап көрдік. "Реально сложно было", - деп жауап берген ол "латын әліпбиінде жазу емес, қазақша сөздерді қабылдау қиын болғанын" айтады.
Ал Саясаттану факультетінің 3 курс студенті Қалмақбаева Айяның сөзінше, қазақ тіліне тән төл дыбыстарды жазуда біраз қиындықтар туындаған.
"Біз латын әліпбиіне көшуге байланысты тоталды диктант өткіздік. Сол диктантты жазу кезінде мен өзім байқағаным, кейбір әріптерде қиындықтар туындады. Мысалы "ш", "ж" әріптерінде және "ү", "ұ" сынды қазақ әріптері болғандықтан қиындықтар болды. Ал диктанттың өзі оңай әрі түсінікті", - дейді ол.
Бұдан бөлек студент апострофтан гөрі ағылшын тіліндегі 26 әріпті (диграф - ред) алған дұрыс болатын шығар деген пікірін білдірді.
"Осы қаріпте жазу бізге оңайырақ болар еді... Жалпы әлемнің 148 елі латын әліпбиін қолданады... Біз бастапқыда диграфтар қабылданады деп ойланған едік. Апостроф қабылданғанда да аса таңқалмадық. Бірақ біз қандай да бір салыстыру болатын шығар деп ойладық. Бұл әліпби бойынша әлі де реформа болады деп ойлаймын. Өйткені көшу барысында құжаттар бойынша да, басқа болса да қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан бұл жобаға да реформалар жасалатын шығар", - дейді Айя.
Сонымен байқағанымыздай, көпшілігі латын әліпбиіне көшуді қолдайды, алайда соңғы қабылданған нұсқа "сәлде болса өзгеретін шығар" деген ой айтады.