Сейсенбі күні АҚШ барлау ұйымының өкілі Уашингтон жақ Солтүстік Корея зымыран қозғалтқыштарды өздері өндіретінін, оның импортталмағанын растайтынын айтты. Соңғы кездері кейбір сарапшылар Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын/ Kim Jong Un) үкіметі зымыран қозғалтқыштарды Украина, Ресей немесе бұрынғы Кеңес одағынан бөлінген елдерден импорт еткен болуы мүмкін деп күмәнданған болатын. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы хабарлайды.
Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты (International Institute for Strategic Studies) дүйсенбі күні жариялаған мәліметінде, Солтүстік Кореяның соңғы зымыран сынақтарына пайдаланылған қозғалтқыш Кеңес одағында жобаланған ракеталық қозғалтқыштарға ұқсайтынын айтқан болатын. Ал, Солтүстік Корея заңсыз жолдар арқылы Ресей немесе Украина елдерінен зымыран қозғалтқыштарын жеткізген болуы мүмкін деген қорытынды шығарған еді.
Сейсенбі күні АҚШ барлау ұйымдары бұған қарсы уәж айтты. Олардың тексеріп анықтауынша, Солтүстік Корея зымыран қозғалтқыштарды импорттамаған. Керісінше, АҚШ Солтүстік Кореяның өзі дербес зымыран қозғалтқышын жасап шығару мүмкіндігі бар деп қарайды. Барлау ұйымдарының өкілдері бұдан ары мәлімет бермеген. Алайда, олар АҚШ барлау ұйымдары ұзақ уақыттан бері Солтүстік Корея зымыран бағдарламаларын бақылап келе жатқанын алға тартуда.
АҚШ Орталық барлау басқармасының бастығы Майк Помпео, жексенбі күні CBS арнасының «Ұлттың тұлғасы» атты бағдарламасында сөйлеген сөзінде, барлау ұйымының Ким Жоң Унды және оның дамытуға толықтай серпін беріп отырған баллистикалық зымыран бағдарламаларын толықтай бақылап отырғанын айтқан болатын. Ол сөзінде: «Бұл қызметте барлау ұйымы шынында табысты еңбек етті», – деді.