Brent маркалы мұнайдың бағасы арзандап жатыр. АҚШ-тың энергетика министрлігінің "мұнай қоры азая бастағаны" туралы мәлімдемесінен кейін қара алтынның құны 47 доллардан төмендеген.
Шикізаттың бағасы 14 маусым күні түнде 46,84 доллар шамасында болған. Соңғы рет мұндай баға 2016 жылдың тамыз айында тіркеліпті. Сонымен Астана уақыты бойынша мұнайдың бағасы 47,05 доллар болды.
АҚШ-тың энергетика министрлігінің мәліметінше, елдегі шикізат қоры өткен аптада 1,66 млн баррельге қысқарған. Айта кетейік, өткен айда ОПЕК пен оған мүше емес елдердің арасындағы шикізат көлемін қысқарту туралы келісімінен соң баға біраз жоғарылаған. Алайда АҚШ Президенті Дональд Трамптың "Париждің климат келісімінен" шығу туралы шешімінен соң мұнайдың бағасы қайта төмендеді.