Жетісу облысының орталығы Талдықорғандағы мекемеде қамауда отырған Алматы облысының тұрғыны, тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрім тергеу органына 4 шарт қойып, аштық жариялағалы он күннен асты. Сыншыл журналистің денсаулығы нашарлағаны хабарланды. 

Бүгін тәуелсіз журналист аштық жариялағанына он бірінші күн. Қарт әкесі Алмас Тілепов пен адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің QT тілшісіне хабарлауынша, журналист аштықты тоқтату үшін билікке төрт талап қойған.

Атап айтқанда:

  • Әкесін қоғамдық қорғаушы ретінде тануды;
  • Біліксіз тергеушіні ауыстыруды;
  • Тергеу аяқталғанша денсаулық жағдайына байланысты үйқамаққа Алматыға ауыстыруды;
  • Құқық қорғау ұйымдарының жетекшілері Бақытжан Төреғожина мен Евгений Жовтиспен кездестіруді сұраған.

Әзірге төрт шарттың екеуі орындалу барысында екені айтылады. Әкесіне қоғамдық қорғаушы мәртебесі беріліп, көңілі толмаған тергеуші өзгеріп жатыр.

14 шілдеде дәрігерлердің медициналық тексерісінің қорытындысы бойынша, журналистің қаны қатты қоюланған, кез-келген уақытта жүрегі тоқтап қалуы әбден мүмкін, екі бүйрегі қабынған, кеуде тұсындағы омыртқасының шеміршегі өсіп кеткен.

Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулық жағдайы туралы медициналық құжат. Фото: әкесі Алмас Тілеповтен

Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулық жағдайы туралы 14 шілде жасалған медициналық құжат. Фото: әкесі Алмас Тілеповтен

Журналистің қорғау тарабының сөзінше, 45 жастағы Думан Мұхаммедкәрімге Алматы ауруханасында емделу қажет.

Аптап ыстықта аудан мен Талдықорған арасында жолда жүріп, қажыған қарт ата-анасының да денсаулығы нашарлаған. Алмас Тілепов ұлының өміріне алаңдаулы. Оның сөзіне қарағанда, қамаудағы сырқат перзентінің екі көзі шүңірейіп кеткен, әзер жүріп-тұрады, сөйлеуге шамасы жоқ, жағдайы нашар.

Ол кейінгі бір жылда төрт рет «митинг өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен жиыны 90 тәулік қамауда отырды. Бұдан соң осы жазда билік қылмыстық іс ашқан. Тоқаев пен оның билігін ашық әрі өткір сынайтын оған полиция Мұхтар Әблязовтан журналист ретінде сұқбат алғанын себеп етеді. Жаз басталғалы Қылмыстық кодекстің екі бірдей экстремистік бабымен («тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» / 405-бап және «экстремизмді қаржыландыру» / 258-бап – QT ) ауыр айып тағылып, тергеу сотының санкциясымен тағы 2 ай қамауға алынды.

Думан Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыппен келіспейді, мұны қудалау деп есептейді. Қарсылық ретінде Тоқаевқа және Іле аудандық полиция бөлімінің басшысы Болат Тотыбаевқа «Демократия үшін мен бас бостандығымды байлауға дайынмын» деп хат жазған.

Талдықорған қаласында орналасқан №71 мекеме. 6 ақпан 2022 жыл. Фото: QT

Талдықорған қаласында орналасқан №71 мекеме. 6 ақпан 2022 жыл. Фото: QT

Тұрғылықты жері Іле ауданынан шалғай Талдықорған қаласындағы №71 мекемеге қамаған. Зейнет жасындағы қарт ата-анасы апта сайын жүздеген шақырым жол жүріп, ас-ауқат тасып жүр. Құзырлы органдар тергеу жүргізіп жатқанын айтады. Ал құқық қорғаушылар кеңесі «саяси тұтқын» ретінде таныған. Азаматтық қоғам мүшелері Думан Мұхаммедкәрімді қорғау комитетін құрған.

Осыған дейін ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі журналистің қамалып, ауыр айыптармен істі болуын «журналистік қызметімен емес, саяси көзқарасы үшін» деген. Қаңтардан кейін Тоқаевтың билігі нығайып, «Жаңа Қазақстан» саяси бағдары жариялағалы бері елде журналистерге жасалатын шабуыл мен қысым-кедергі жиілеген.

;t=1s

The Qazaq Times