Қонаев соты түрмедегі белсенді Ермек Нарымбайдың мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін орындамады. Бұл жөнінде адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады. Оның айтуынша, сот белсендінің түрмеде айыппұлдары барын алға тартқан. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.

"Айыппұлы бар деп және "тәртіпті өрескел бұзушы" деп өтінішін орындамады. Айыппұл оған биыл маусымда салынған. Біз айыппұлға қатысты шағым түсіргенбіз. Ол бойынша түпкілікті шешім қабылданбаған болатын. [Соған қарамастан] Сотта оның айыппұлы бар деп есептелінді" деді Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне.

Істі судья Олжас Күреңбеков қараған. Адвокат шешімді апелляцияға беретінін айтты.

Азаттық Қонаев сотынан әзірге жауап ала алмады.

Құқық қорғаушылар жасаған "саяси тұтқындар" тізіміне енген 52 жастағы Нарымбай саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық жазаға кесілген. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған.

Осыдан кейін Ермек Нарымбай өзіне биліктен қатер төнгенін айтып, Украинаға кеткен. Биыл ақпанның басында Қазақстанға оралғанда полиция оны Алматы әуежайынан бірден ұстап әкетіп, қамауға алған. Адвокаттың айтуынша, 2,5 жыл түрмеге кесілген Нарымбай жазасының үштен бірін өтеген.

Жуырда белсенді 54 күн аштық ұстап, кезектен тыс президент сайлау қарсаңында сайлау учаскелеріндегі хаттамаларды онлайн жариялауды талап еткен. Орталық сайлау комиссиясы оның талабы "бір күнде орындалатын шаруа емес" деген. Шамамен 20 килодан астам салмақ жоғалтып, денсаулығы нашарлаған белсенді 25 қараша кешке аштығын тоқтатты. Ермек Нарымбай бұған дейін де ең ұзақ аштық акцияларын басынан өткерген. 2010 жылы Алматы облысындағы түрмеде 73 күн аштық ұстаған белсенді 41 килограм салмақ жоғалтқан. Өзінің айтуынша, "өзіне жасалған әділетсіздіктерге" қарсылық білдірген.