Кеше, 8 маусым күні Түркияның орталық қаласында түрік және орыс СІМ басшылары кездесті. Анкарадағы кездесу Ресей-Украина арасындағы мәселені шешуде игілікті алға жылжу болмаса да астық экспортын қалпына келтіру бойынша бірқатар нәтижені көрсеткендей болды.
Қазірге дейін БҰҰ тарабы Украинаның астық экспортының тұралауы жаһандық азық-түлік тапшылығын күшейтіп жатқанын айтып, қос тараптан Қара теңіз арқылы шығатын астық экспортына жол ашуды сұрап келді. Анкарадағы кезекті кездесуде де Украинаның астық экспорты басты тақырып ретінде ортаға қойылған.
Түркия сыртқы істер министрі Мевут Шавушоғлұ мен Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров ортасындағы кездесуді Ресей мен Украинаның, сондай-ақ, БҰҰ мен Түркияның өкілдері ортасында астық экспорты бойынша кезліссөзге жол ашты. Төрт тарапты келіссөз алдағы уақытта Стамбулда өтеді деп жоспарлануда.
Ресейдің бас дипломаты болса Украина порттарының жабылуы дүниежүзілік азық-түлік тапшылығын тудырып жатыр деген уәжді жоққа шығарады. Оның айтуынша, бұл «жаһандық дағдарыс» деуге келмейді және Украина порттарында тұрған астық әлемдегі астық қорының 1 пайызын ғана иелейді. Ол астық экспортын қалпына келтіру үшін Украинадағы порттарды минадан тазарту керектігін алға тартады. Ал, Украина жақ Ресей бұл әрекетті әскери мақсатта пайдаланбауы керек деген талаптарын алға қояды.
Баспасөз жиыны кезінде Лавров Ресей мен Түркия әскери күштері порттарды минадан тазарту бойынша әрекеттерді талқылап жатқандарын айтты. Ол және келіссөздерден кейін Ресейдің жағдайды әскери мақсатта пайдаланбауға кепілдік беретінін айтты.
«Егер Украина кемелердің шығуына рұқсат беріп, миналарды тазалайтын болса, біз бұл жағдайды арнайы жүргізіліп жатқан әскери операцияның мүддесіне пайдаланбаймыз. Бұл президенттің кепілдігі. Біз бұл кепілдікті жазбаша хаттауға да дайынбыз», – деді Лавров сөзінді.
Кездесуде белгілі болғандай, Түркия мен Ресей әскери күштері Қара теңіздегі порттардан астық алып шығатын кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, екі ел СІМ жетекшілерінің кездесуі наурыздан бері тоқтап қалған Ресей-Украина келіссөзіне де жол ашты.