Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің 6-шы пленаралық отырысында «тарихи қарар» қабылданды. Бұл қарар ҚКП-ның қазіргі жетекшісі Ши Жинпиңнің (Си Цзиньпин) партия тарихындағы орынын белгілеп, оның дара билігін тіпті де бекемдей түсті. ҚКП тарихында бұған дейін тек екі ғана жетекші осындай тарихи қарарды қабылдаған, бірінші –Мау Зыдоң (Мао Цзэдун) 1945 жылы қабылдаса, екіншісі – Дэн Сяопин 1981 жылы жасаған.

ҚКП-ның жаңа қарары партияның 100 жылдық тарихын, партия жетекшілерінің бағасы және болашақтағы белгілеген бағыттары қамтылады. Болашаққа қойған мақсаттарының бірінде «Қытайды 2049 жылға барғанда толықтай дамыған, бай да қуатты елге айналдыру» көзделген. Қарардың Қытайдың саяси басқару жүйесіне де өзгерістер алып келуі мүмкін. Айталық, ҚКП-ның екінші тарихи қарары арқылы Дэн партиядағы дарабилікті болдырмауға негіз қалаған еді. Оны одан кейінгі Цзян, Хоу секілді партия жетекшілері бірнеше ұрпақ билік кезеңінде жалғастырып келді. Ал, қазіргі жетекшінің тарихи орынын жоғарылатқан жаңа қарар оның шексіз билігін қамтамасыз етіп, Қытайда жекеге табындырудың жаңа дәуірі қалыптасуы мүмкін.

Осылайша Қытайдың қазіргі басшысы өзінің дара және шексіз билік жүргізуіне соңғы бір ғана саяси қадам қалды. Ол болса келер жылы нарузыр айында өтетін жалпы ұлттық конгресте Ши Жинпиңді үшінші өкілеттілік кезеңіне сайлау. Басым көп сарапшылар Ши бұл маңызды қадамды оп-оңай жасай алады және оны өз дегеніндей жүзеге асырады деп санайды. Себебі, 2018 жылы өзгертілген партия жарғысы мен кезекті жаңа «Тарихи қарар» оның билік өкілеттілігін кедергісіз жалғастыруға жол ашып қойған.

Бұндай бір адамның қолына топталған билік Қытайдың соңғы 40 жылдағы басшыларында болмаған. Қытай реформаторы Дэн билікті орталықтандыруды барынша тежейтін жарғыларды түзіп шыққанымен, Қытайдың экономикалық қуаты артып, әлемдегі ірі державаға айналған тұста билікке келген Ши бұл құқықтық кедергілерден оп-оңай өтті. Енді Ши жаңа қарар арқылы партияның ғана емес, Қытай тарихындағы «ұлы көшбасшы» ретінде көрінгісі келеді.

Қазір Қытайдың басқару түзіміндегі болсын, партия билігі немесе биліктің нарыққа бақылауын күшейтуі секілді көптеген өзгерістер оның төңірегіндегі елдерді ғана емес, әлемнің назарын аудармай қоймайды. Себебі, ел ішінде ешқандай оппозициясы жоқ және саяси, әскери билігі бір адамның қолына толықтай шоғырлана түскен Қытайдың әлемге жасайтын ықпалын болжау қиынға түспек.

The Qazaq Times