Қараша ай басталғалы Алматыда 1456 адамның талдауынан коронавирус анықталған, тағы 38 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Қазір қаланың 2,3 мың тұрғыны емделіп жатыр. Өткен айда саны айтарлықтай қысқарған ауруханалардағы төсек-орын қорының 34%-ында науқастар бар.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 9 қарашада тіркелген 134 адамның 130-ы симптом белгілерімен, тағы төртеуі симптомсыз. Сонымен қоса, дүйсенбі күні жүз шақты адам ауруханаға жатқызылған.

Жалпы қалада сыйымдылығы 2334 орын болатын инфекциялық стационарларда 793 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 20 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 86 науқас жатыр. 16 адам ӨЖЖ, 45 науқас инвазивті емес ӨЖЖ және 20 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 1,5 мың науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.

Апта басы, дүйсенбіде 3 адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған. Қазан айында 173, қараша айының алғашқы аптасында 24 алматылық осы дерттен көз жұмған.

Бақсарма мәліметінше, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері милионнан аса адам екпенің алғашқы, оның ішінде 944 мыңы толық дозасын алған. Оның 121 мыңы 60 жастан асқан азаматтар. Қазір 132 егу пункті мен 205 егу бригадасында 733 медқызметкер жұмыс істейді.

The Qazaq Times