Жапонияның үкімет тізгінін қолына алып жатқан Фумидо Кишида үкімет құрамына Қытайға қарсы қатаң ұстанымдағы кадрларды жинап жатыр. Айталық, бұрынғы қорғаныс министрі Накатани Мотомені адам құқықтары жөніндегі істермен арнайы айналысатын көмекшісі етіп тағайындамақ. Сарапшылар, премьер-министрі Кишиданың бұл шешімін Қытайдағы әсіресе Шыңжаң мен Гонконгтағы адам құқығы мәселелеріне қатысты қатаң ұстаным танытуы деп бағалап отыр.
Биыл 64 жастағы Накатани Шинзо Абе тұсында қорғаныс министрі болған. Жаңа жұмысқа кірісу алдында Накатани Мотоме журналистерге жасаған мәлімдемесінде: «Біз халықаралық адам құқықтары мәселесін шешу үшін Сыртқы істер, Экономика, Сауда-Өнеркәсіп министрліктерімен тығыз жұмыс істейтін боламыз», – деген ол өзінің бұған дейінгі осы саладағы тәжірибелерін пайдалана отырып, адам құқығы мәселесінде белсенді қызмет істейтінін жеткізген.
Фумидо Кишида сенбі күні сыртқы істер министрі етіп бұрынғы Мәдениет, спорт, ғылым және техника министрлігін басқарған Ли Фанженді тағайындады.
Наканани мен Фанжен ғана емес, министрлер каибетін басқарып тұрған Хитохико Исозаки де Қытайға қарсы қатаң ұстанымдағы жапон саясаткері ретінде белгілі. Ол бүгін түстен бұрынғы мәлімдемесінде Фумидо Кишиданың Либерал-Демократиялық партиясының үміткері ретіндегі уәделерін қайталап: «Біз Тайуан бұғазының тұрақтылығына, Гонконгтың демократиясына және ұйғырлардың адам құқықтары мәселелеріне қатаң көзқараспен жауап беруіміз керек. Сондай-ақ, АҚШ-Жапон одағына сүйене отырып, демократия, заң үстемдігі және жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтауымыз керек. Адам құқықтарын қорғау және халықаралық тәртіптің тұрақтылығын сақтауға үлес қосуымыз тиіс», – деп мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, Жапонияның бас уәзірі осы уәделерін жүзеге асыру үшін өзінің адам құқықтары жөніндегі арнайы көмекшісі етіп Наканани тағайындаған.
Жапон үкіметіндегі бұл өзгерістер туралы бүгін Қытай СІМ тарабы елеулі пікір білдірген жоқ. Тек, оны «Жапонияның ішкі ісі» деп қана бағалады. Дегенмен, Жапон үкіметінің жаңа құрамына қарап алдағы уақытта жапон-қытай қатынасында белгілі өзгерістердің болуы мүмкін екенін болжауға болады.