Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы бір мыңға артып, жалпы есебі 1 млн 30 мыңға жеткен. Бұл салыстырмалы түрде былтырғыдан айтарлықтай жоғары. 

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 7 қараша коронавирус (КВИ+) жұққан 1031 адам, ал 6-сы коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 27 адам тіркелді. Бұдан кейстер саны 21 маусымдағы деңгейге төмендегенін көруге болады. Сондай-ақ, сенбіде 12 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Былтыр дәл осы уақытта ресми статистикада тәулігіне көп дегенде 900-ге дейін науқас және 7-8 өлім жағдайы тіркелетін, стационарларда жатқан сырқаттар саны 4 мың шамасында еді. Қазір бұл көрсеткіш еселеп өсіп отыр, бүгінде елде 40 мың адам (КВИ+ бойынша 35 мың, КВИ- бойынша 5 мың) ауырып жатыр.

#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар саны тағы көбейді. Олардың негізгі бөлігі немесе 13%-ы әдеттегідей СҚО (142), 13%-ы Павлодар (139) облысына және 12,5%-ы Алматы (135) қаласына тиесілі. Аурушаңдық Қостанай (119), астана (115), Қарағанды (111), Ақмола (89), Алматы облысы (34), Атырау (12), ШҚО (60), Жамбыл (16), БҚО (15), Қызылорда (15), Шымкент (10), Ақтөбе (9), Маңғыстау (6), Түркістан (4) өңірлерінде  біршама кеміген. Жексенбіде аурудан айыққан 1080 адам үйіне шығарылған. 6 қарашада жиыны 9 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы механикалық әдіспен есепке алынатындықтан, демалыс күндері медстатистика жүйесі толық қамтылмайды. Салдарынан кейстер қатары сенбі және жексенбі, мереке күндері әдеттегіден айтарлықтай аз тіркеледі. Қарашаның 6-сы ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 27 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күні Шымкент (9), ШҚО (5), Алматы облысы (4), Түркістан (4), Қарағанды (3), Қостанай (1), астанада (1) анықталған. Сонымен қоса, 60 адам айығып шыққан, тағы 3 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 40 мың науқастың 7 мыңы ауруханада, 33 мыңы амбулаторлық бақылауда. 556 науқастың жағдайы нашар, ондағы 144 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 104 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Шымкент, Атырау, Түркістан, Маңғыстау, БҚО, ШҚО, Алматы облысы, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан басқа астана, Қарағанды, Алматы қаласы «сары аймаққа» өткен. Басқа 4 аймақ (Қостанай, Павлодар, Ақмола, СҚО) тұтастай «қызыл аймақта» тұр.

ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, індет тараған 2020-2021 жылдары ПТР тесті оң көрсеткен 1407 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық, үндістандық және нигериялық штамдары анықталған.

Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Жазғы үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Қыркүйек айының өзінде 99 мыңдай науқас есепке алынған және 2117 адам қайтыс болған. Ал қазан айында 57 мың ауру және 1078 өлім жағдайы тіркелген.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 950 мыңға жуықтаса, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 80 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 1 млн 30 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемияның бас-аяғы 20 айында жалпы вирус жұққандардан 20,7 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 12 259, КВИ- / U07.2 – 5071, ілеспе аурулардан – 3415) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 37-орынға орнықты.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 7,6 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 8,4 млн-нан асады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қараша айының үшінші онкүндігінен бастап вакцина алғанына жарты жыл өткендер үшін ревакциянация науқаны жүргізілетінін мәлімдеген.

The Qazaq Times