Жаңа тәж тәрізді вирустан (Covid-19) көз жұмғандар саны 5 миллион адамға жетті. Бұл туралы АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің коронавирустық ресурстық орталығы мәлімдеді.
Аталған орталықтың 1 қарашада таратқан мәліметіне сәйкес, дүние жүзінде жаңа тәж вирусынан көз жұмғандар саны 5 млн 425 адамға жеткен. Назар аударарлығы – көз жұмған соңғы 1 млн адам соңғы 4 айда тіркелген. Бұл вирустан қаза болғандар саны барған сайын артып келе жатқанын көрсетеді.
Бұндай көрсеткіштерге қарамастан қатаң карантиндік шектеулерден шығып жатқан елдер де бар. Айталық, дүйсенбі күні Аустралия (Австралия) өз азаматтары мен елінде тұрақты тұратын шетелдіктерге жол жүру шарттарын жеңілдетті. Бұдан кейін шетелден оралған азаматтары екі апталық карантинге жатқызылмайды. Сондай-ақ, шетелге шығу шарты да қалыпты режимге ауысты.
1 қарашадан бастап Тайланд та вакцина қабылдаған туристерді еліне кіргізуге жол ашты. Туризмнен мол табыс тауып келген Тайланд коронавирус пандемиясы кезінде үлкен экономикалық шығынға ұшыраған еді.
Ал, Британияда 12-15 жас арасындағы жас жеткіншектерге екпе егу басталып кетті. 1 қарашаның өзінде Британиядағы 800-ден астам мектепте медицина қызметкерлері жеткіншектерге вакцина салды.
Жоғары да аталған Хопкинс университетінің мәліметіне сай, әлемде 7 миллиардтан астам вакцина дозасы егілген. Кейбір елдерде әлі де вакцина тапшылығы сақталып келеді, ал кейбір елдер ең тез қарқынмен вакцина жалпыластыруда. Қазір ДДСҰ экономикасы әлсіз елдердегі вакцина тапшылығын ортақ шешу бойынша жұмыс істеп жатыр.