Қазан айында басқа өңірлерге қарағанда ең көп сырқат тіркелген Алматыда 9 мыңға жуық адамның талдауынан коронавирус анықталған, тағы 170 шақты адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Қазір қаланың 3,3 мың тұрғыны емделіп жатыр. Жуырда ғана саны қысқарған ауруханалардағы төсек-орын қорының 46%-ында науқастар бар.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 28 қазанда тіркелген 222 адамның 207-сі симптом белгілерімен, тағы 15-і симптомсыз. Сонымен қоса, бейсенбі күні 101 адам ауруханаға жатқызылған.

Жалпы қалада сыйымдылығы 2334 орын болатын инфекциялық стационарларда 1074 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 30 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 104 науқас жатыр. 29 адам ӨЖЖ, 44 науқас инвазивті емес ӨЖЖ және 29 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 2248 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.

Апта басы, сәрсенбіде 2 адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған. Қазан айында 162 алматылық осы дерттен көз жұмған. Төрт ай «қызыл аймақта» болған қала апта басында ғана сары аймаққа өткен.

Бақсарма мәліметінше, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 993 мыңдай адам екпенің алғашқы, оның ішінде 924 мыңы толық дозасын алған. Оның 120 мыңы 60 жастан асқан азаматтар. Қазір 137 егу пункті мен 205 егу бригадасында 733 медқызметкер жұмыс істейді.

Алматы қаласында пандемия басталғалы 185 мыңға тарта адам ауырған, оның 9,1 мыңы қазан айында анықталып үлгерді. Қазір республикада тіркелетін күнделікті есептің кемінде 13-20%-ы Алматы қаласына тиесілі болып отыр.

The Qazaq Times