Екі аптадан кейін АҚШ, Жапония, Аустралия және Үндістан төрттігінің лидерлері алғаш рет бетпе-бет саммит өткізеді. Кеше Үндістан үкіметі саммитке қатысты дайындық жұмыстарының соңғы кезеңге өткенін мәлімдеді. Бұл жиналыс болашақта Үнді-Тынық мұхит аймағында осы аталған төрттіктің Қытайға қарсы қалай әрекет ететінін шешетін маңызды отырыс болмақ.

Жапонның «Киодо» жаңалықтар қызметі хабарлағанындай, «Төрттік одақ» (қазірше осылай атауға болады) басшылары Уашингтонда 24 қыркүйек күні бас қосады. Бұл саммит барысында төрт ел жеке-жеке де кездесулер өткізіп, қауіпсіздік одаққа айналғалы тұрған жаңа алянстың ішкі берекесін нығайта түседі деп күтілуде.

Осы арада қосымшалай кетейік, Иошихиде Суга мырза Жапонияның бас уәзірі ретінде соңғы рет Америка Құрама Штаттарына сапармен барады. Премьер-министр қызметін атқарушы болып отырған ол алдағы сайлауға қатыспайтынын өткен аптада мәлімдеген еді. Бұрынғы премьер Шиндзо Абе мырзаның денсаулық жағдайна байланысты Иошихиде Суға 30 қыркүйекке дейін оның қызметін атқаруға өкілетті болған Жапонның жаңа бас уәзірі 29 қыркүйектегі сайлауда белгілі болады.

Жапон басылымдарының хабарына қарағанда, Суга мырзаның АҚШ сапарына көзқарақты жапон қоғамы айрықша назар аударып отыр. Келесі премьер-министр кім болса да Жапон-АҚШ қатынасын нығайтуға күш салады деп үміттенеді, сондықтан да Суга мырзаның кезекті сапары болашақ үкімет жетекшісінің дипломатиясына жол ашады деп санайды.

Ал, манағы «Төрттік одаққа» келетін болсақ, АҚШ президенті Жо Байден, жапон бас уәзірі Иошихиде Суга, Аустралия премьері Скотт Моррисон мен Үндістан премьер -министрі Нарендра Моди наурыз айында онлайн саммит өткізген болатын. Онда да Қытай тақырыбы талқының негізгі мазмұнында тұрған. Олар Бейжіңнің барған сайын артып бара жатқан әскери қатері мен өзге де ықпал-әсерлеріне, жаһандық климат мәселесінде, пандемияға қарсы күрес істерінде, сондай-ақ, қауіпсіздік мәселелерінде ынтымақтаса түсуге уәделескен еді.

Бетпе-бет жүздесіп, берілген уәдені бекемдеуді АҚШ президенті Байден ұсынған болатын. Сондықтан алдағы ресми кездесуде төрт елдің ынтымақтастық әрекеттерін терең үйлестіру мәселесі қаралады. Онда да ортақ мүдделер мен қауіпсіздікке қатысты мәселелер ашық талқыланбақ. Айта кетейік, бұл төрт елді «Ашық және Еркін Үнді-Тынық мұхит аймағы» деген геосаяси ұран біріктіріп отыр.

The Qazaq Times