Алматыда коронавирус пандемиясының төртінші толқыны әлі бәсеңдемей тұр. Тап қазір қаланың 18 мың тұрғыны емделіп жатыр. Қазір резервтегі төсек-орындарды қоса есептегенде стационарларда шамамен 66% орын толған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 25 тамызда тіркелген 1605 адамның 1512-сі симптом белгілерімен, тағы 93 адам симптомсыз тіркелген. Сәрсенбі күні 578 адам ауруханаға жатқызылған. Бұл өзге айлардағы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
Жалпы қалада сыйымдылығы 8910 орын болатын инфекциялық стационарларда 5871 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 174 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 461 науқас жатыр. 26 адам ӨЖЖ, 192 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 204 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 12 824 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.
Дүйсенбі және сейсенбі күндері жиыны 56 адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған.
Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 853 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 699 мыңы толық дозасын алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 160 егу пункті мен 237 егу бригадасында 1028 медқызметкер жұмыс істейді. Жалпы пандемия басталғалы қалада 144 мыңнан аса адам ауырған, оның 35 мыңнан астамы осы тамызда анықталған.
Эпидахуалдың нашарлауына байланысты қалыпты жағдайда қолданылып жүрген 7011 төсек-орын 8910-ға дейін көбейтілген. Стационарлардағы орын саны артып, тіпті жаңа резервтік филиалдар уақытша іске қосылған.
Жұмыс күндері күшейген шектеумен істеп, демалыс күндері жұмысын тоқтатын түрлі ұйым-мекемелерге қатысты карантин режимі 1 қыркүйекке дейін ұзарды.
Осыған дейін бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин бір күнде ауруханаға жатқызылғандар саны 500-ден асса, қалада локдаун күшейтіліп, блок-бекет қойылатыны туралы наурыз айындағы критерийдің қазір күшін жойғанын мәлімдеген.
Бекшиннің болжауынша, шілде айында басталған төртінші толқынның шарықтау шегі 11-12 тамыз күндері өтуі керек болған. Дегенмен әлі де Алматы қаласы республикадағы ең үлкен індет ошағы ретінде тәулігіне 1,5 мыңнан артық жағдай тіркеліп жатыр.