Он күн 5 мыңнан тіркелген науқастардың күнделікті есебі 23 шілдеде 6,7 мыңға көбейді. Ешбір өңірде жүзден кем жағдай тіркелмеген, барлық аймақта елеулі өсім байқалады. Төртінші толқынның өтіндегі осы аптада үшінші антирекорд орын алды. Қазір 75 мыңнан астам сырқат емделіп жатыр. 

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 23 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 6521 адам, ал 22-сі коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 225 адам тіркелді. Қазір елде 75 мың адам (КВИ+ бойынша 73 мың, КВИ- бойынша 1914) ауырып жатыр.

#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей астана (1522),  Алматы қаласы (1080) және Қарағанды облысында (750) тіркелді. Бұдан өзге Шымкент (507), Атырау (446), БҚО (309), Маңғыстау (255), Ақтөбе (250), Алматы (220), Павлодар (211), Ақмола (193), Қызылорда (170), Қостанай (167),  СҚО (123), Түркістан (109), Жамбыл (108), Шығыс Қазақстан (101) облыстарында дерт үдеп тұр. Өткен тәулікте 2802 адам айығып үйіне шығарылған. Бейсенбіде жиыны 64 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы 22 шілдеде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 225 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сырқаттар астана, Шымкент қалалары мен Жамбылда (әрқайсында 32-ден), Атырау (27), Алматы және Маңғыстау облыстарында (әрқайсында 18-ден), ШҚО (12), Ақтөбе (10) өңірінде көптеп анықталған. Сонымен қоса, 86 адам айығып шыққан, тағы 10 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 75 мыңнан аса науқастың 21,6 мыңы ауруханада, 53 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1325 науқастың жағдайы нашар, ондағы 287 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 175 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Вирустың таралу қатері жағынан республиканың барлық өңірі сарғайып-қызара түсті. «Қызыл аймаққа» енген өңірлер: астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақмола, Атырау, Ақтөбе,  БҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, СҚО, Павлодар, ШҚО, Жамбыл облыстары. Ал Түркістан өңірі жалғыз «сары аймақта» тұр. Қазақстан тұстас қызыл реңге боялды.

ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 522 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 59 мыңға жетті. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 582 мыңнан асты. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 11 270 адам (КВИ+ / U07.1 – 5308, КВИ- / U07.2 – 3595, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 42-орында тұр.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 3 млн 170 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.

"The Qazaq Times"