Бір аптадан аса уақыт тәулігіне 5 мыңнан аса кейстен анықталып жатқан Қазақстанда коронавирус пен осы тектес пневмонияға шалдыққандар саны тағы 5742 адамға көбейді. Төртінші толқын үдеген шілде айының алғашқы екі декадасында 86 мыңнан астам сырқат тіркеліп үлгерді. Өлім көрсеткіші де үдеп тұр.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 21 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 5708 адам, ал 20-сы коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 34 адам тіркелді. Қазір елде 67 мың адам (КВИ+ бойынша 65 808, КВИ- бойынша 1667) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей астана (1369), Алматы қаласы (993) және Қарағанды облысында (698) тіркелді. Бұдан өзге Шымкент (418), Атырау (386), Маңғыстау (207), Павлодар (197), Ақтөбе (192), Ақмола (186), Алматы (178), БҚО (170), Қостанай (149), Қызылорда (139), Түркістан (123) облыстарында дерт үдеп тұр. Өткен тәулікте 2487 адам айығып үйіне шығарылған. Сейсенбіде жиыны 64 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы 20 шілдеде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 34 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сырқаттар астана (9), Шымкент (9) қалаларында, ШҚО-да (5) көптеп анықталған. Сонымен қоса, 70 адам айығып шыққан, тағы 13 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 67 мыңнан аса науқастың 20,5 мыңы ауруханада, 47 мыңдайы амбулаторлық бақылауда. 1190 науқастың жағдайы нашар, ондағы 272 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 168 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Вирустың таралу қатері жағынан республиканың барлық өңірі сарғайып-қызара түсті. «Қызыл аймаққа» енген өңірлер: астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, СҚО, Павлодар, Жамбыл облыстары. Ал өзге ШҚО және Түркістан өңірлері «сары аймақта» тұр. Қазақстан тұстас қызыл реңге боялды.
ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 510 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 59 мыңға жуықтады. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 569 мыңға шамалады. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 11 122 адам (КВИ+ / U07.1 – 5180, КВИ- / U07.2 – 3575, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 42-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 2 млн 992 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.