Бразилияда үкіметке қарсы ірі митинг басталды. Наразылар «жемқор басшы, жемқор жүйе қажет емес» деп, президенттің отставкасын талап етіп жатыр.
Сан-Паулу мен Рио-Де-Жанейро көшелеріне мыңдаған адам шыққан. Олар елдің қазіргі президенті Жаир Болсонаруды «жемқорлыққа жол берді және коронавирусқа қарсы дұрыс саясат жүргізе алмады» дейді.
Бразилияда індет 500 мыңнан астам адамның өмірін қиған. Полиция наразы топты тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданып, соңы қақтығысқа ұласты. Әзірге жарақат алғандар туралы ақпарат жоқ.
Таяуда Жоғарғы сот президенттің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Оған Үндістанның «Коваксин» вакцинасын сатып алу барысында ақша жымқырды деген айып тағылып отыр. Болсонару өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.
Сонымен қатар ел басшысы вирустың қаупі әсіреленген деп, індетпен күрес жөніндегі шараларға және Covid екпелеріне сенімсіздікпен қараған.
Reuters агенттігінің дерегінше, Бразилияда халықтың небәрі 11%-ы ғана Covid екпесін алған. Қыс айларының келуімен (Жердің экватордан төмен бөлігінде маусым, шілде, тамыз қыс айлары саналады) ахуал ушығуы мүмкін.
Елдегі Fiocruz биомедициналық орталықтың зерттеушісі Рафаэль Гимараес Бразилияда екпе науқаны баяу жүріп жатқанын, сол себепті оның әсері тек қыркүйекке дейін сезілмейтінін айтады. Оның сөзінше, жағдай осылай жалғаса берсе күніне 3 мың адам көз жұмған наурыз-сәуірдегі ахуал қайтадан орын алуы мүмкін.