Бразилияның жаңа президенті Жаир Болсонару ресми түрде қызметіне кірісті. Бұл туралы lemonde.fr хабарлады.

63 жастағы Болсонару 1985 жылдан бері бірінші рет билік басына келген әсіре оңшыл саясаткер. Президентті ұлықтау рәсімі Ұлттық конгрессте сот және заң шығарушы билік өкілдері мен шетелдік лауазымды тұлғалардың қатысуымен өтті. Ресми жиында Жаир Болсонару парламент алдында ант қабылдап, билікті жемқор саясаткер-басшылардан тазартып, халықты қиындыққа душар еткен социалистік идеологиядан бас тартатынын айтты. Мемлекет үшін негізгі мәселеге айналған Бразилия мен Венесуэла арасындағы шекара дауын ретке келтіріп, бразилиялықтар демократиялық жолмен таңдаған бағдарламаны жүзеге асыру туралы уәде берді.

28 қазанда Бразилияда президенттік сайлаудың екінші кезеңі өтіп, нәтижесінде социал-либералды партия өкілі Жаир Болсонару жеңіске жеткен. Ал осыған дейін Бразилия үкіметінің басшысы қызметінде болған Мишел Темерге бірнеше мәрте жемқорлық жасады деген айып тағылған. Ресми мәліметтер бойынша, Мишел Темер Бразилиядағы ірі көлік компаниясының қызметін ілгерілету үшін компания басшысынан 6 миллион доллар көлемінде пара алған. Бразилия жоғарғы сотының шешімімен «пара алған» күдікті тергеуге алынды. Бұдан бөлек, мемлекеттің экс-президенті Лула Да Силваға да дәл осындай айып тағылып, бірнеше мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Енді жергілікті тұрғындар жаңа президент Болсонарудың Бразилиядағы әлеуметтік жағдайды жақсартып, жемқорлықты түбегейлі жоятынына сенім білдіріп отыр.

"The Qazaq Times"