Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың «үндістандық» вирусқа ұқсас штамының табылғанын хабарлады.
Ресми хабарламада: «Астанада коронавирус деректерінің күрт өсуіне байланысты денсаулық сақтау министрлігі науқастардан алынған зертханалық үлгілердің ПТР скринингін өткізді. Скрининг қорытындысы бойынша Үндістанда тараған «дельта» штаммына тән мутация анықталды», – делінген.
Алайда, мутацияның болуын және оның нақты дельта штамына жататындығын түпкілікті растау ДНҚ үлгілерінің толық геномдық реттілігі аяқталғаннан кейін анықталады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 20 маусымдағы деректері бойынша SARS-CoV-2 дельта штамы әлемнің 74 елінде анықталған. Коронавирустың үнді штамы басқа түрлеріне қарағанда 60%-ға жұқпалы. Орташа алғанда, бір адамнан 5-6 адамға жұғуы мүмкін.
Үндістанның бас вирусологы Шахид Джамиль «B.1.617 штамы екі мутацияға ұшыраған. Яғни адамның жасушасына жабысатын вирустың тікен пішінді ақуызы өзгерген» дейді. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, B.1.617 штамы Үндістанда алғаш рет былтыр қазанда шыққан. ДДСҰ Үндістан штамын «қызық мутация» деп сипаттап, «бұл штамм екпені айналып өтуі де мүмкін» дейді.
Бұдан бөлек, коронавирустың британдық, африкалық және бразилиялық штамдары да бар. Британия штамы 2020 жылы қыркүйекте Англияда пайда болды. BBC сайтының жазуынша, Ұлыбритания билігі бұл мутация Қытайда шыққан вирустан қарағанда 30-50 пайыз жылдам тарайды деп мәлімдеген. Британиялық ғалымдар штамм өлімге әкелу ықтималдығы 30 пайызға жоғары болуы мүмкін деген. Бірақ сарапшылар Британ мутациясына қатысты дерек аз, сондықтан көп зерттеу қажет деп санайды. Бір анығы, Британия штамы Еуропа елдерінің біразында үшінші толқынға себеп болды. Кейбір елдер коронавирустан өлім-жітімнің көбеюін де осы мутациямен байланыстырады.
Былтыр қазанда Оңтүстік Африканың Шығыс Кейп провинциясында анықталған екінші штамм, ғалымдардың сөзінше, көп өзгеріске ұшыраған. Сондықтан бұл мутациядан кейбір екпелер толық қорғай алмайды. ОА штамы да жылдам тарайды. ДДСҰ мәліметінше, аталған штамм жұққан соң ауыр дертке душар ететіні жайлы дәлел жоқ. Бірақ африкалық мутация егде тартқан және созылмалы ауруы бар адамдар үшін қауіпті.
Биыл қаңтардың ортасында Жапонияға Бразилиядан ұшып келген жолаушыдан Бразилия штамы анықталған. Алдын ала дерек бойынша, бұл штамм желтоқсанда Бразилияның Манаус қаласында пайда болған.