Еуроодақ Беларуське санкция салу туралы шешім шығарды. Енді Беларусьқа қарастырылған 3 миллиард еуро көлемінде инвестициялық және экономикалық көмек көрсетілмейді.
Бұған дейін Еуропа ұшақтарын Беларусь әуе кеңістігінің үстімен ұшырмау туралы шешім қабылдаған. Санкция күшіне енгеннен бастап белорус авиациясына одақтың 27 мемлекетінің әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салынады.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен: «Беларусь билігі өзінің әуе кеңістігін ұшақты айдап әкету үшін қолданды. Сол себепті бұл елдің әуе кеңістігі арқылы ұшақтар бұдан былай қауіпсіз ұша алатынына күмән бар. Осыған байланысты Еуроодақ Кеңесі Беларусь ұшақтарына одаққа мүше мемлекеттердің әуе кеңістігін пайдалануына және әуежайларына қонуына тыйым салып отыр», – деді.
23 мамырда Ryanair әуе компаниясының Грекиядан Литваға бара жатқан рейсі кенеттен бағытын өзгертіп, Минскіге қонуға мәжбүр болды. Беларусь билігі арнайы әскери ұшақ жіберіп, рейсте бомба болуы мүмкін деп хабарлап, ұшақты Минскіге бұрған. Борттан бомба табылмады, есесіне Беларусь полициясы ұшақта болған оппозициялық журналист, NEXTA Live телеграм каналын құрушылардың бірі Роман Протасевичті тұтқындады.
Бұл халықаралық дәрежеде дау туғызды. Батыс елдері Беларусь билігінің әрекетін айыптап, журналисті босатуды талап етті. Сонымен қатар Латвия ұшақтарын Беларусь үстімен ұшырмайтынын мәлімдеген. Украина президенті Владимир Зеленский де үкіметке Беларусьпен әуе рейстерін тоқтатуды және бұл елдің төбесімен ұшақ ұшыруға тыйым салуды тапсырды.
Ал қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Алматыдан Минскіге тікелей рейс ұшыруды кейінге қалдырды.