Литва саяси оппозиция өкілдерін қудалау үшін халықаралық құқықтық құралдарды қолданатын Беларусьтен Инетрплоға мүшелікті тоқтатуды ұсынды.

Литва Парламентінің сыртқы саясат жөніндегі комитетінің төрағасы Жигимантас Павиленис: «Біз НАТО мүшелері мен ЕО елдеріне Беларусь билігіне қарсы санкциялар енгізуді, соның ішінде осы елдің Интерполға мүшелігін тоқтатуды ұсынамыз. Өйткені Беларусь билігі террористік актілерді жүзеге асыру үшін халықаралық құралдарды қолданады», – деді. Осы мәселе бойныша Литваның ішкі істер министрі Агне Билотайте Интерпол басшылығына хат жолдады.

23 мамырда Беларусь Афинадан Вильнюске кетіп бара жатқан жолаушылар ұшағын Минскіге қондырып, борттағы журналисті ұстаған. Ұшақта оппозициялық белсенді, журналист, NEXTA Live арнасының экс-редакторы Роман Протасевич болған. Беларусь билігі оған «әлеуметтік араздықты қоздырды, қоғамдық тәртіпті бұзды» деген айып таққан. Минск Протасевичті 15 жылға дейін түрмеге қамауы мүмкін.

Беларусьтің БелТА мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Лукашенко «бомба жарылу қаупіне байланысты» Ryanair ұшағын Минскіге дейін ертіп жүру үшін МиГ-29 әскери ұшағын жіберген. Кейінірек ресми өкілдер ұшақта ешқандай жарылғыш болмағанын мәлімдеді.

Литвада әуе кемесін басып алу фактісі бойынша қылмыстық іс ашылды, Минскіде бірнеше сағат болып, жексенбі күні кешке Вильнюске оралған жолаушылардан полиция жауап алып жатыр.

"The Qazaq Times"