Минскіде болған оқиғаға байланысты Беларусьтың «Белавиа» әуе тасымалдаушысы бүгіннен бастап 8 елге ұшпайтын болды.
Енді 27 мамыр мен 30 қазан аралығында мына 12 бағыт бойынша рейстер орындалмайды. Бұл – Варшава, Милан, Амстредам, Рим, Майндағы Франкфурт, Берлин, Мюнхен, Ганновер, Вена, Брюссель, Барселона мен Калининград. Аталған бағыттар бойынша билет сатып алып қойған жолаушыларға бір жыл ішінде оның толық құны қайтарылады. Бұған дейін компания Швеция, Ұлыбритания, Франция, Литва мен Украинаға да сапарларын тоқтатқан еді. Негізі Блумберг агенттігінің хабаралуынша, былтыр «Белавиа» 210 миллион доллар пайда тапқан.
23 мамырда Беларусь арнайы қызметі Литваға бағыт алған жолаушы ұшағына «бомба қойылды» деген хабарды желеу етіп, Роман Протасевич отырған коммерциялық ұшақты Минскіге қонуға мәжбүрледі. Борттан бомба табылмады, есесіне Беларусь полициясы ұшақта болған оппозициялық журналист, NEXTA Live Telegram арнасының негізін қалаушылардың бірі, журналист Роман Протасевичті тұтқындады. Ұшақты бұруға Беларусь режимінің басында отырған Александр Лукашенконың өзі бұйрық берген.
Кейіннен Брюссельдегі кездесуде Еуропа одағына мүше 27 елдің лидерлері Беларусь билігіне тағы да санкция салуға келісті. Еуроодақ лидерлері Халықаралық азаматтық авиация ұйымын (ICAO) оқиғаны тергеуге шақырды. Бұл ұйым ұшақтың Минскіге қонуын Чикаго конвенциясы бойынша әуе тасымалының халықаралық ережесіне қайшы әрекет деп атады.
ЕО Ryanair оқиғасы болмай тұрып Беларуське санкциялардың төртінші пакетін дайындалып жатқан еді. Оның ішінде оппозиция өкілдерін қудалағаны үшін жеке және заңды тұлғаларға виза беруге тыйым салу, активтерін бұғаттау секілді шектеулер бар. Батыс елдері мен оппозиция былтыр тамызда өткен президент сайлауын заңсыз санайды. Бұл сайлауда Александр Лукашенко жеңіске жетті деп жарияланғанымен, халық мен батыс елдері сайлау әділетсіз өтті дейді.