Израиль мен Палестина қақтығысынан қаз тапқандар саны артты. Соңғы мәліметтер бойынша, Газа секторында 67 адам, ал Израильде 7 адам ажал құшқан.
Сондай-ақ еврей елінің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әуе шабуылы кезінде «Хамас» ұйымының қолбасшысы мен 15 мүшесі өлтірілгенін мәлімдеді. Бұл ақпаратты осы ұйымның басшысы да растады. Биньямин Нетаньяху: «Соңғы күндері біздің қалаларда болып жатқан оқиғалар адам төзгісіз. Араб бүлікшілерінің синагогаларды, көліктерді талқандап, полицейлер мен бейбіт және жазықсыз азаматтарға шабуыл жасап жатқанын көріп отырмыз. Бұл – анархия. Сондай-ақ еврейлердің арабтарды ұрып-соғып, өз бетімен жазалап жатқанын да қатаң айыптаймыз. Зорлық-зомбылық біздің жолымыз емес. Израильдің барлық қалаларындағы жағдайды бақылауға аламыз», – дейді.
Ал Палестина президенті Махмұд Аббас мәлімдемесінде: «Құддыс Палестинаның жаны мен жүрегі. Оны толық азат етпей, ешқандай да бейбітшілік, қауіпсіздік болмайды. Құддыс – Палестинаның, мәңгілік мемлекеттің астанасы. Мен АҚШ пен Израильге «жетеді енді, елімізден кетіңдер» деп, шегелеп тұрып айтқым келеді. Жеріміздегі басып алу саясатын ертең емес, бүгін тоқтатыңдар»,– деді.
Кеше «Хамас» Тель-Авив аумағы мен Ашдод, Ашкелон және Сдерот қалаларын зымыранмен атқылады. Әзірге, БҰҰ мен Египет, Катар сияқты елдердің атысты тоқтатуға қатысты іс-әрекеттері нәтиже берген жоқ. Сондықтан да АҚШ израильдіктер мен палестиналықтарды татуластыру үшін арнайы өкіл жібермек,
10 мамыр түнде Израиль әскерилері Газа секторына әуеден 130 соққы жасағанын, әуе соққысы кезінде қарулы адамдардан бөлек қару-жарақ сақтау орындары, қоймалар, туннельдер нысанаға алынғанын мәлімдеді.
Израиль Газаны басқарып отырған ХАМАС (бұл қозғалысты Израиль, АҚШ, ЕО және басқа да елдер террористік ұйым деп таныған, Ресей террористік ұйым деп санамайды) пен басқа да қарулы топтар 200 ракета атты дейді.
Таяу Шығыстағы шиеленіс өткен айда ушыға бастаған. Оған Израиль сотының Иерусалимдегі Шейх-Джарах ауданынан палестиналықтарды көшіру туралы шешімі себеп болды. Израиль 1967 жылы Таяу Шығыстағы соғыстан соң Шығыс Иерусалимді басып алып, астанамыз деп жариялаған. Бірақ халықаралық қауымдастық Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындамады. Палестиналықтар Шығыс Иерусалимді өз жеріміз әрі болашақта құрылатын тәуелсіз еліміздің астанасы болады деп санайды.