Бразилияда коронавирустан қаза тапқан нәрестелердің саны өсуде. Қазірге дейін елде 1300 нәресте індеттен көз жұмған. Ата-аналар елдегі медицина саласының әлсіздігі мен мамандардың салғырттығына наразы.
Бразилияның Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне қарағанда, 2020 жылы ақпаннан 2021 жылы 15 наурыз аралығында елде 9 жасқа дейінгі 852 бала індеттен көз жұмған. Бірақ, Сан-Паулу Университетінің зерттеушілері сан бұдан әлде қайда көп деп мәлімдеді. Олардың есебінше, елде коронавирус құрбанына айналған 9 жасқа дейінгі балалар саны 2060-қа жеткен. Оның ішінде 1300-ден астамы жасқа толмаған нәрестелер.
Мамандардың айтуынша, індет жұқтырғаннан кейін алты аптаға дейін жас нәрестелерден симптомдар байқала қоймайды. Бұған қоса дәрігерлер мен ата-аналарда коронавирус жас нәрестелерге оншалықты қауіпті емес деген түсінік қалыптасып қалған. Осының бәрі сәбилердің індеттен дер кезінде емделуіне кері әсерін тигізуде.
Денсаулық сақтау саласындағы мамандар медицина қызметкерлері мен ата-аналарды жас нәрестелерді індеттен қорғау шараларын күшейтуге шақырды.
Сан-Паулу Университетінің зерттеушілері Бразилияда індеттен көз жұмған балалар санының кісі шошырлық деңгейге жетуіне медицина саласындағы кемшіліктер (медициналық көмек пен ПЦР тесттердің жетіспеуі), кедейшіліктің күшеюі және жоғарыдағы аталғандай ата-аналар мен медицина мамандарының салғырттығы да себеп болып жатқанын айтуда.
“The Qazaq Times”