Үш аптадан бері «қызыл аймақта» тұрған Алматы қаласындағы «Халық Арена» спорт кешені уақытша емдеу орнына айналды. Сәрсенбі күнгі таңдағы ақпарат бойынша, онда жағдайы орта дәрежедегі 18 науқас жатыр.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, спорт кешеніндегі госпиталь хәлі орташа пациенттерге арнап құрылған.
«Коронавирусты таратпас үшін және ауруханалар жүйесіндегі жүктемені жеңілдету мақсатында осындай шешім қабылданды. Әзірге мұнда 1000 төсек-орын жабдықталды. Уақытша ашылған провизорлық орталықта орташа деңгейдегі және созылмалы жанама ауруы бар қарт науқастар емделетін болады. Әу бастан бұл жерде медициналық көмек көрсетуге жағдай жасалған. Сырқатты емдеуге арналған заманауи құрылғылар, барлық керек-жарақпен қамтылған», – делінген ресми хабарламада.
Осыған дейін «Халык Арена» кешені провизорлық орталық ретінде былтыр «маусым-шілде қырғынынан» кейін, індеттің беті қайтар тұста, тамыз айына қарай құрылған еді.
«Кешен үздіксіз жылытылады, пациенттерді қабылдау кезінде температура +25-26 градусқа дейін көтерілді. Күндізгі тамақтану режимін қамтамасыз ететін аутсосрс-компания азық-ауқатты қолданбасы бірреттік ыдыспен уақытылы жеткізіп отыр. Гигиеналық күтім үшін де жағдай жасалған», – деп нақтылады басқарманың баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі дерегіне сәйкес, 537 адамнан коронавирус пен пневмониясы анықталған. ПТР тесті арқылы вирус жұққаны расталған 526 науқстың 425-інде симптомдық белгілері бар, 101-і симптомсыз.
Өткен тәулікте 306 адам ауруханаға жатқызылған және 209 адам үйіне жіберілген. Бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин бір күнде ауруханаға жатқызылғандар саны 500-ден асса, қалада локдаун күшейтіліп, блок-бекет қойылатынын ескерткен.
Алматы қаласындағы денсаулық сақтау саласындағы жағдайды кеңірек баяндар болсақ, қазір жұқпалы ауруларға арналған барлық 5 мың орынның 2783-і бос емес. Оның 109-ы бала. Сонымен қоса, реанимация бөлімдеріндегі 295 орынның 125-інде науқастар жатыр. 6 адам ӨЖЖ, 54 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 35 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр.
Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова кейінгі жеті күнде анықталған сырқаттар саны 100 мың тұрғынға шаққанда 149,9 болғанын және R репродуктивті көрсеткіш 1,114-ке жеткенін мәлімдеді. Оның хабарлауынша, қазір індеттің 3088 ошағы бар. 2759 науқас стационарда, 3257 адам амбулаторлық деңгейде емделіп жатыр.
Сондай-ақ, сыйымдылығы 815 орын болатын 7 қонақ үй карантин мекемесі ретінде жұмыс істейді.
Қалада небәрі 15 750 адам вакцинаның алғашқы дозасын салдырған. Екі дозаны толық алғандар қатары 3,2 мың адам ғана.
Наурыз айының 1-і мен 30-ы аралығында қалада 9098 науқас (КВИ+ 9010, КВИ- 88) тіркелді. Бұл осы уақытқа дейін тіркелген барлық (1.03.2020-30.03.2021 ж.ж. аралығында ауырған 39 613 адам) сырқаттың 23%-ы. Елде осы айда есепке алынған 32,7 мың сырқаттың 27,7%-ы бір ғана Алматы қаласынан.