Бұл күнде ұмыт болған немесе, салт-дәстүрге сіңіп кеткен ескі күннің заңдарында да өзіне тән терең мән бар. Солардың бір қатарын оқырман назарына ұсынамыз.
- Қарызға алған мал жыл уақытынан асса өтемімен бірге қайтарылады.
- Ұрғашы мал еркек малдан қымбат бағаланады.
- Қонақ қондырмағанға айып салынады.
- Қонақ асын дұрыс бермеген жазаға тартылады.
- Ауқатты адамның кедейге жәрдем беру міндеті бар.
- Малға және басқа жануарларға зәбір жеткізу – қылмыс.
- Әдеп бұзғандарға жаза бар.
- Тентек үшін тек әке-шешесі ғана емес, бүкіл ауыл, сол ауылдың ақсақалдары жауап береді.
- Арақ ішіп өлгендердің жаназасы шығарылмайды және бөлек жерленеді.
- Оң жақта отырып екіқабат болған қыз қалыңмалсыз беріледі.
- Некесіз бала туған әйелге құрмет көрсетілмейді.
- Қарабет болған қыздың бұрымы кесіліп, масқараланады.
- Мал өрісін, жусауын бұзғандар айыпқа тартылады.
- Екі адамның бірі боранда үсіп өлсе, оның жанындағы кісі қасқыр ішікті болса жазаланады.
- Тәртіпсіз шәкіртке дүре соғылады.
- Еңбегі үшін әркім ақы сұрауға хақылы. Бірақ асарда, үрмеде ақы сұрауға болмайды.
- Апатқа, өртке ұшыраған шаңыраққа руы, ауылы заттай, малдай, ақшалай көмек көрсетуге міндетті.
- Еркекке қынсыз, пышақсыз, бәкісіз жүруге болмайды.
- Соғысқа үйдің жалғыз баласы алынбайды. Екеуден біреу, бесеуден үшеу, сегіз болса бес бала жасаққа алынады.
- Жиенге сот жоқ.
- Күйеуі қайтыс болса әйел бір жылға дейін тұрмысқа шықпайды.
- Әйелі қайтыс болған ер адам жылын өткермей төсек жаңғыртуға болмайды.
- Жесір әйел ерден кетсе де елден кетпейді. Күйеуінің ағасына немесе інісіне тұрмыстануына тиісті.
- Егер әйел басқа біреуге кетер болса бұл «Жесір дауы» жарғысына салынады.
- Қалындық арсыз болса және ол дәлелденсе, күйеу жақ қалың малын қайтарып алады.
- Ұрын келіп жүрген күйеу кейін қалыңдығын абыройсыз деп тапса, оның бұл сөзі қабылданбайды.
- Отанын, елін, дінін сатқандарды, жауға көмек көрсеткендерді ат құйрығына байлап, азаптап өлтіреді.
- Елге опасыз болғанның үйі ауылдан бөлек қондырылады.
- Дала заңы бойынша ерлі-зайыптылар ажырасса балалар әкеге тәуелді болады.
- Дін салты бойынша еркек төрт әйел ала алады.
- Еркектің белсіздігі анықталса, әйелдің ажырасуға хақысы бар.
- Әйелі бала таппаса еркегі ажырасуына болады, зәбірсіз төркініне еншісімен апарып салуы керек.
- Ант бұзғанға айып бар.
"Жеті қазына" кітабынан алынды
"The Qazaq Times"