АҚШ Ресей мен Қытайды көптеген жылдардан бері ашық теңіз еркіндігін бұзып, өзге елдердің егемендігіне қауіп төндіруде деп айыптап келеді. Соған сай кеше, 11 қаңтар күні АҚШ Әскери-теңіз операциялары жөніндегі департаменті АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Қытай мен Ресейге қарағанда теңіздегі әскери басымдығын сақтау бойынша болашақ әрекеттерін белгілейтін 10 жылдық жоспарын жариялады.
Аталған департамент жария еткен жоспар 18 беттен тұрады. Департаменттің хатшысы және адмирал Майкл Гилдай мәлімдемесінде Қытай мен Ресейдің теңіздегі әрекеттерін айыптап былай деді: «Бұл екі ел де өз аумақтарынан тыс теңіздердегі қымбат ресурстарға әділетсіздікпен иелік ету үшін бар күшін салып келеді; Екеуі де өз көршілерін қорқытып, үркітіп, заңсыз, әділетсіз талаптарын орындатуға тырысады; Маңызды су жолдарын өз бақылауына алуға тырысып, басқарылмалы зымырандар және сол секілді күрделі әскери техникалардың жүйесін құруда. Олардың әрекеттері теңіздегі еркіндік пен бірқатар мемлекеттердің егемендігіне тікелей қауіп төндіреді».
Бұған қоса Майкл Гилдай Қытайдың АҚШ-пен бәсекелесетін теңіз күштерін жасақтап жатқанын, сонысымен де Қытай АҚШ-тың ең қауіпті стратегиялық қарсыласы екенін тағы да бір ескертіп өтті.
«Біздің бағытымыз айқын», – деді Гилдай, – біздің бос уақытымыз жоқ. Алдағы он жылдықта жасайтын іс-әрекеттерімізбен біз тұтас ғасырдағы теңіз күштерінің тепе-теңдігін сақтайтын боламыз», – деген пікірін айтқан.
АҚШ Әскери-теңіз операциялары жөніндегі департаменттің жоспары төрт негізгі бағытты дамытуға баса назар аударған. Айталық, саладағы кадрларды дайындау, мамандандыруға инвестиция салу; техникалық қамтамасыз етуді жетілдіру; салаға қатысты желілік кемелділік және жасанды сананы пайдалануға инвестиция салу; озық соғыс кемелерінің үлкен қосынына ие болу.
Бұған қоса хабарламада АҚШ өзінің одақтас серіктестерімен бірге теңіздегі еркіндікті қорғау және агрессияны тоқтатуға әскери күштерді жіберуді қамтамасыз етуге жұмыс істейтінін айтқан.