Коронавирус сияқты ковидтік пневмонияның күн сайынғы аймақтық көрсеткіші қашан жарияланады? Министр Цой тамыз айының алғашқы аптасында коронавирустық пневмонияға шалдыққандардың аймақтық есебін  жариялауға сөз берген. Алайда әлі күнге дейін бұл жөнінде толыққанды ақпарат берілмеді.  

Vласть интернет-журналының астана бюросындағы журналисі Тамара Вааль 3 тамыз күнгі брифинте министр Алексей Цойға «Сіздер пневмония дерегін аймақтар бойынша қашаннан бастап жарияламақсыздар? Әлде жиынтық есебін ғана көрсетесіздер ме?» деп сұрақ қойған. Осыдан жиырма күн бұрын ДенМин жетекшісі аймақтардағы коронавирустық пневмонияның көрсеткіші дайын екенін және сол аптада-ақ тұрақты түрде жариялауды жолға қоюға сөз берген.

«Сіз алдыңыздағы журналистің сөзін тыңдаған боларсыз. Аймақтардағы көрсеткішін сайтымызда жариялаймыз. Тап қазір қолымда бар. Негізі мұндай көп цифры бар материалды электронды не қағаз түрінде жариялаған дұрыс деп ойлаймын. Осы аптада жариялап, көрсетеміз», – деген Цой.

Бүгін, тамыздың 24-і Орталық Коммуникация Қызметінде өткен дәстүрлі брифингте ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов аталған мәселеге түсініктеме берді.

«Иә, өкінішке орай, дәрігерлер ПТР тесті теріс көрсеткен науқастарды дерекқорға енгізу механизмін әлі де үйреніп жатыр. Алдағы 2-3 апта ішінде не бір айда бұл ақпаратты апта сайын беріп тұрамыз. ...Мүмкін ол кісі бір аптада жолға қойылатын шығар деп үміттенген шығар», – деді ол.

Қазақстанда пандемия барысында 13 наурыздан бастап коронавирус жұқтырғандардың саны күнделікті жарияланып келеді. Сарапшылар мұны республика тұрғындары ашық ақпараттың көмегімен эпидемиялық жағдайды бақылап, сақтануына сеп болатынын айтады. Сонымен қатар, аймақтардағы жағдайға байланысты әртүрлі бағытта зерттеу жұмысы үшін де инфекциялық пневмония атласы маңызды. Бірақ клиникасы коронавирусқа ұқсас ақөкпе ауруының бүгінгі таралу аймағы белгісіз.

Жаңа форматқа көшкен ДенМин есебі бойынша, пандемия кезінде 127 мыңнан (U07.1 – 104 718, U07.2 – 22 744) астам адам ауырып, індеттің кесірінен (коронавирус – 1523,  ковидтік пневмонияны – 258)  1781 адам қайтыс болған. Бірақ соның 793-і тек тамыз айында тіркелген.

Өткен күні Қазақстанда коронавирус жұқтырған 175, шығу орны белгісіз ковидтік пневмонияға шалдыққан 84 адам анықталды. Ақпарат алмасуды жылдамдатып, сапасын көтеру мақсатында министрлік жанынан Медиа орталық құрылғанымен, пневмония статистикасы аптасына бір рет ресми өкілдің баяндамасында жалпылай ғана хабарланып отыр.

Coronavirus2020.kz ресурсындағы 23 тамыз күнгі жағдай

"The Qazaq Times"