АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео бір күн бұрын Лондонға ресми сапармен барды. Помпео сапарының басты мақсаты күн сайын арта түскен Қытайдың агрессивті ықпалына қарсы бірлесе күрес жүргізуді Британ үкіметімен ақылдаспақ. Кезекті сапарында ол Британ бас уәзірі Борис Жонсон және өзге де бірқатар маңызды лауазымдармен кездеспек.

Помпео кезекті сапарында Қытай Коммунистік партиясы және оның күллі әлемге төндірген қатеріне қарсы күресуді ағылшын әріптестерімен кеңестетінін бұған дейін де айтып келген болатын. Ол Лондонға жетуден бірнеше сағат бұрын ғана, Британ премьері Жонсон Гонконгқа қатысты маңызды бірнеше келісімді шұғыл түрде күшінен қалдырғанын мәлімдеген. Әрі, бұл қадамды Қытайдың 30 маусымда халықаралық қауымдастықтың наразылығына қарамастан Гонконгқа «Ұлттық қауіпсіздік туралы жаңа заңды» енгізгеніне жауап ретінде жасағанын айтқан.

Ұлыбританияның соңғы шешімі ағылшын еліндегі билік ​​және оппозициялық партиялар дерлік Бейжіңнің әлемдік аренада өсіп келе жатқан агрессивті мінез-құлқына алаңдаушылық білдіріп отырғанын көрсетеді.

Былтырдан бері әлемдік саяси аренада маңызды тақырыптардың бірі болған Гонконг мәселесі ақырында ағылшын мен қытай қатынасына сызат салды. Былтыр маусымда басталған Гонконгтағы наразылық Бейжің жағынан мүлде кері бағытта шешілді. Бейжің билігі ел наразылығын қайырып қойып, керісінше Гонконгты күштеп басқаратын заңдарды енгізді. Бұл Уашингтон мен Лондонның ұстанымдарында көзге ілмеумен бірдей болды.

Міне осы қайшылық қабынып бара жатқанда, Уханда бастап тараған індет күллі әлемдік дағдарысқа апарып соқты. Батыс елдері Қытай үкіметінің індетті жасыруы жаһандық пандемияға айналдырды деп айыптайтыны белгілі. Осының бәрі қазіргі АҚШ-Қытай және Британ-Қытай қатынасын терең қайшылыққа ұластырды. Тарихи тұрғыда ағылшын-қытай қатынасының бүгінгідей шиеленіске жетуі табиғи жағдай деуге де болады. Әлемдік сахнада жыл сайын ықпалы артып келе жатқан Қытай Батыс әлеміндегі лидерлермен түбінде қайшылыққа келетінін о бастан белгілі болатын.

Помпое Лондондағы әріптестерінің кезекті қадамдарына қолдау білдірді және демократиялық елдерді Қытайға қарсы бірігуге шақырды. Дегенмен, Помпеоға кездесуден бұрын премьер-министрі Борис Жонсон: «Біз барынша жүйелі әрі ұқыпты әрекет ететін боламыз. Біз Қытайдың кейбір әрекеттеріне қатаң реакция білдіреміз, бірақ біз Қытаймен қарым-қатынасты жалғастыра береміз», – деген.

“The Qazaq Times”