Әлем жұртын тіксінткен қатерлі коронавирус індетінен қорғану құралдарын сатып алу мақсатында Қазақстан үкімет қорынан қосымша 1,5 миллиард теңге бөді.
Вице-премьер Бердібек Сапарбаев мәжіліс дәлізінде қаумалаған журналистерге берген жауабында:
– Кеше Үкімет қорғаныс заттарын, бетперде және басқа да қажетті заттарды алуға тапсырма берді. Қаулыға қол қойылды. Үкімет қорынан қосымша 1,5 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар бұрынғы қор бар. Жалпы, жұртшылыққа медициналық көмек қажет болған жағдайда бізде барлық мүмкіндіктер - заттар да қаражат та бар» – деді.
Сондай-ақ үкімет бастығының оң қолы желідегі медициналық бетперде тапшылығы туралы тарап жатқан ақпаратты жоққа шығарды. «Олай емес, бізде адамдар байбаламға салып, көптеп сатып алып жатыр. Былай етудің қажеті жоқ. Бізде медициналық бетперде жеткілікті. Егер бір дәріханада болмай жатса, бізге айтыңыздар, сонда жеткіземіз», – деп сөзін толықтырды.
Сапарбаев қазіргі уақытта қазақстандық студенттерді шығару бойынша ел үкіметі Қытайдың сыртқы істер министрлігімен жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
– 680 туристің жартысы елге оралды. Біздің есебіміз бойынша, бүгін-ертең барлығы Қазақстанға келуі тиіс. Қазіргі таңда елге қайтамыз деген студенттерді алып келуге ұшақ дайындап қойдық. Оларда Қытайдың жаңа жыл мерекесін тойлауға байланысты демалыс. ...Ең бастысы біздің Қытай тарапымен келісуіміз және біз соның аясында жұмыс істейміз, – деді премьер-министрдің орынбасары.
Тағы бір мәселе, елге келген азматтар жіті бақылауға алынбақ. Сапарбаевтың сөзінше, «олар елге оралған соң, карантинге оқшауланады әрі 2 апта арнайы ауруханада кешенді бақылауда болады». Денсаулығынан кінәраты анықталмай, сау екеніне көз жеткізілсе, онда үйіне қатарылады. Тіпті «әуежайда олармен арнайы медициналық қызметкерлерден басқа ешкім байланыста болмайды, клиникаға қызметтік автобуспен апарылады».