12 желтоқсан ел астанасында ұлттық анимация саласына өлшеусіз үлес қосқан режиссер-аниматор Әмен Қайдаровтың құрметіне орай анимациялық фильмдердің кинофестивалі өтті.

Тұңғыш рет өткен «Әмен» («ÁMEN Animation Film Festival») анимациялық кинофестивалі елдің барлық өңіріндегі аниматорларының басын қосып, 50 жылдан аса тарихы бар қазақ анимациясының бүгінгі ахуалын жаңа сатыға көтеру жайына ден қойып, жаңа есімдерді танытуға тырысты.  Айтулы тың жобаның құрметті қонағы ретінде қазақ мультфильмі бірінші түлегі  «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» туындысын түсірген шығармашылық топ өкілдері Галина Дусенко мен Эрнест Бейсейітов шақырылыпты.

Кинофестиваль қоржынына келіп түскен 80-нен астам жұмысты іріктеп, 51-ін сараптаған қазылар алқасының құрамына анимациялық кино режиссері Жәкен Дәненов, драматург Роза Мұқанова, киносыншы Назира Мұқышева, продюсер, медиа менеджер Серік Абас-Шах, анимациялық кино режиссері Адай Әбілда, актер, режиссер Дәурен Серғазин және «Балапан» отбасылық балалар арнасының басшысы, фестиваль бастамашысы Мақпал Жұмабай кірген.

Жоба тұсаукесері. 12 желтоқсан 2019 жыл. Астана. Фото: ашық дереккөз

9 аталым бойынша бақ сынасқан мультипликациялық байқау қонақтарының бірі, «Сақ» киностудиясының режиссер-сценарисі Батырхан Дәуренбеков:

– Жобаның Әмен атаның атымен аталғаны қуантады. Ол кісі бүкіл саналы өмірін балаларға арнаған. Анимациялық фестивальдардың көбірек бола бергені дұрыс деп ойлаймын. Өйткені «Қазақстанның анимациясы жоқ» деген сөздер де бар. Негізі олай емес. Рас, аниматорлар қазақ мультипликациясын қолдан келгенше жасап жатыр. Олардың бірқатары осы фестивальде үлкен экраннан көрсетілді. Мысалы, «Ит» анимациялық фильмі тастанды балалар мәселесін көтерген. Халықаралық байқауларда жүлделі орынды да иеленген. Демек, бізде ұшқыр ойлы, талантты мамандар бар. «Мемлекет қолдаса, «Disney» туындыларына жететін дүние жасаймыз, – деп ағынан жарылды.

"Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" фильмінің шығармашылық топ мүшесі Галина Дусенко жоба қонағы болды. 12 желтоқсан 2019 жыл. Астана. Фото: ашық дереккөз

Бард ақын Мақпал Жұмабайдың сөзінше, фестивальға әлемнің түкпір-түкпірінен майталман аниматор-режиссерлер, атап айтқанда,  Мойра Маргуин (Франция), Михаил Тумеля (Белоруссия), Ола Чраповичка (Польша), Хабиб Бурхалифа (Алжир), Адай Әбілда (шетелде тағлымдамада) т.б. ақжарма құттықтауын жолдаған.

Кинофестиваль сәтінен. 12 желтоқсан 2019 жыл. Астана. Фото: ашық дереккөз

Анимация – идеологияның қуатты құралының бірі десек, жобада айтылған отандық анимацияның сәулелі-көлеңкелі тұстарын бағамдап, ой жүгіртіп, қолға алған құба-құп болар еді. Қазіргі таңда өркениетті, өсуге ниетті елдер «ел боламын десең, бесігіңмен қоса, экраныңды түзе» дегенді ұстын еткен.

Жоба аясындағы концерттік сергіту нөмірі. 12 желтоқсан 2019 жыл. Астана. Фото: ашық дереккөз

Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығы және «OzgeEpic» заманауи өнер кеңістігі, «Балапан» арнасының ұйымдастыруымен өткен келелі кинофестиваль қорытындысында жүлдегерлер анықталды. Олар:

- «Үздік кәсіби анимациялық фильм» – Мейіржан Сандыбай, «Көксерек» фильмі;

- «Үздік режиссерлік жұмыс» – Иван Ардашов, «Өркеш» фильмі;

- «Үздік студенттік жұмыс» – Қасиет Сақиолла, «Түлкі мен Бөдене» фильмі және Арнас Хаби, «Прозрение» фильмі;

- «Үздік қоюшы-суретші» – Маржан Жұбаныш, «Бәрінен де сен сұлу» фильмі;

- «Үздік сценарий» – Зира Наурызбаева, Тамара Мұқанова, «Шыңырау» фильмі және Бақытжан Құлжабай, «Қажымұқан» фильмі;

- «Үздік мультхикая» – Дильшат Рахматуллин, «Пырактар» мультхикаясы мен «Қазақфильм» киностудиясының «Менің атым - Қозы» мультхикаясы.

- «Үздік комикс» және «GLEN» оқу орталығының оқу сертификаты – Эльвира Тұрғынбаева;

- «Әділқазылар жүлдесі» – Бауыржан Салжанов, «Фотоальбом» фильмі және Әділбек Баян, «Әке» фильмі;

- «Көрермен көзайымы» – Сұлтан Жұмабекұлы, «Таң атты» фильмі;

- «Аnyzfilm» киностудиясының арнайы жүлдесі – Седа Бабаян, «Полет» фильмі (оқу сертификаты);

- «QAZART» оқыту орталығының арнайы жүлдесі – Эльвира Тургунбаева (оқу сертификаты);

- «QAZART» оқыту орталығының арнайы жүлдесі – Абдрахманова Сымбат, «Отпен ойнама, балақай» фильмі (оқу сертификаты) марапатталды.

Шығармашылық ұжым: ұйымдастырушылар мен мамандар. 12 желтоқсан 2019 жыл. Астана. Фото: ашық дереккөз

«Мұзбалақ» анимациялық фильмінің танымал режиссерлері Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазыны «Қазақ анимациясына қосқан зор үлесі үшін» жүлдесімен марапаттау кезінде, аталған туынды Израильде өткен «NEAR NAZARETH FESTIVAL» додасында «Үздік анимациялық фильм» аталымы бойынша жеңімпаз атанғаны туралы хабар жетті. Қазақ анимациясының тойы мамандар мен жанкүйерлер мәре-сәре болып, көңіл шалқытып, шер бөлісіп тарқасты.

"Мұзбалақ" анимациялық фильмінің афишасы. Фото: ашық дереккөз

Ұлттық анимацияның болашақ бағдарын айқындауға үлес қосқан кәсіби алаң болған фестиваль ұйымдастырушылары шығыны көп, маңызы зор саланың платформасын сақтауға тырысатынын, дәстүрлі түрде жалғасатынын жеткізді.

"The Qazaq Times"