Бүгін таңға таяу Қызылорда облысы аумағында, Қызылорда-Құмкөл бағытында 36 жолаушысы бар автобус аударылып, 8 адам қаза тапты.
ІІМ ТЖК баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, апат 3 желтоқсанға қараған таңда, сағат 5:25-те Қызылорда-Құмкөл автожолында болған.
Құмкөлден Қызылордаға қарай келе жатқан автобус жүргізушісі көктайғақтың салдарынан тізгінге ие бола алмай, жолдан шығып кеткен. Әзірге қолда бар ақпар бойынша, аударылған автобус салонында 36 жолаушы болған. Зардап шеккендер саны анықталып жатыр.
«Оқиға Қызылордадан 85 шақырым жерде болды. Қызылорда облысы ТЖД-да жедел штаб құрылды. Қауырт желі телефоны (7242) 24-41-61, 70-03-28. Оқиға орнында ТЖД жеке құрамынан 13 адам мен төрт техника, алты қызметкер мен екі техника, 12 қызметкер мен төрт техника жұмыс істеп жатыр», – делінген хабарламада.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жанат Әбдірахманов 8 адам қаза тауып, 21 азамат зардап шеккенін айтты. Оның сөзінше, жедел тергеу тобы мен жол-техникалық инспекция жұмыс істеп жатыр. Алда автотехникалық сараптама жүргізіледі. Белгілі болғаны адурылған автобус Құмкөлде жұмыс істеген, Шымкентте тіркелген "Саутс-ойл" ЖШС мұнай компаниясына тиесілі.
Облыстық Полиция департаменті таратқан мәлімдемеде:
«Апатқа жол қозғалысы ережесін сақтамау және мұзтайғақ себеп болуы мүмкін. Соталды тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі ("Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан бұзуы") бойынша жүріп жатыр. Қажет сараптамалар тағайындалды», – делінген.
Еуропа одағы статистика қызметінің дерегінше, Қазақстан жол апаты көп болатын әлемдегі бес елдің қатарына енеді. Жол ережесін сақтамау және жол сапасы – көлік апаттарының негізгі себебі.