Алматыда «Іскерлік журналистика» кітабының тұсаукесері өтті.
Шара барысында жоба авторы Ербол Азанбек: «Экономика, қаржы, бизнес тақырыбында қазақ тілді БАҚ жиі жаза бермейді. Бірақ оқырманның сұранысы орасан. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен соңғы 4 жылда «Іскерлік журналистика мектебі» курсы, 7kun.kz іскер жаңалықтар сайтын аштық. Курста жас журналистерді дайындап, жеке сайтымызда тәжірибе жинатып, үлкен БАҚ-на жіберіп отыру негізгі ұстанымымыз. Бұл арқылы қазақ тілінде іскерлік тақырыпта жазатын журналистер тобын қалыптастыру басты мақсатымыз. Алайда түбегейлі өзгеріс үшін бұл да аз. Сондықтан журналистерге нұсқаулық түрінде «Іскерлік журналистика» кітабын құрастыруды шештік. Оны жазу барысында Орал, Шымкент қалаларындағы журналистермен кездестік, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің пікір, ұсыныстарын жинадық. Соның негізінде кітап жазылды. Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен жарық көргендіктен кітапты Қазақстандағы медиа ұйымдарға, журналистика факультеттеріне тегін таратамыз және қалаған адам электронды нұсқасын 7kun.kz сайтынан жүктеп ала алады. Бұл жобаны қолдап, айналамызды өзгертуге мүмкіндік берген азаматтарға алғысым шексіз», – деді.
Мың данамен жарық көрген кітап «Экономика, қаржы, бизнес тақырыптарында қалай жазуға болады?» деген сұраққа жауап және медиа өкілдері үшін нақты кеңестер береді. Кітапты жазуға Шолпан Айтенова, Асия Акишева, Есенгүл Кәпқызы, Асхат Еркімбай, Алибек Аллияров, Дінмұхамед Зиядин сынды белгілі медиа мамандары қатысқан. Мира Халина, Олег Хе, Айнура Каргалинова, Гүлзат Нұрмолдақызы сынды белгілі журналистер тәжірибесімен бөліскен.