Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон 31 қазанға дейін Еуроодақпен тынбай келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.
31 қазан күні Брекзитке қатысты келісім қабылданбаса, Джонсонның айтуынша, Ұлыбритания келісімсіз одақтан шыға береді.
Джонсон 68 күннің ішінде Еуроодақты жаңа келісімге отыруға көндіруі керек, әзірге тараптардың ешқайсысы өз мүдделерінен бас тартқысы жоқ.
Reuters агенттігі Еуроодақтан бөлек шығудың мұндай түрі әлемнің бесінші экономикасына ие Ұлыбританияға ауыр тиеді деп жазды. Британдықтар ұйымнан келісімсіз шыққан жағдайда, азық-түлік жетіспей, шекарада хаос болуы мүмкін. Соның салдарынан елдің дамуы тежеледі деп ескертеді сарапшылар.
Reuters тілшісінің Еуроодақпен келіссөзді 31 қазанға дейін жүргізуге дайынсыз ба деген сұрағына Джонсон: "ЕО түбінде жаңа келісімге отыруға келіседі деп ойлаймын", - деп жауап берді.
Британ парламенті Джонсонға дейін үкімет басқарған Тереза Мэй келісімінің жобасын үш мәрте кейін қайтарды. Содан кейін Мэй қызметтен кетті. Брекзит төңірегіндегі бітпес дағдарыс Лондонның әлемдегі ықпалды қаржы орталығы ретіндегі беделіне сызат түсіреді деп жазды Reuters агенттігі.