Кешеден бері БАҚ біткен Қырғызстан экс-президенті Алмазбек Атамбаевқа қатысты ақпараттарды жарыса жазуда. Осыған байланысты бүгін біз Сооронбай Жээнбеков пен Алмазбек Атамбаев арасындағы текетірес пен Қой Ташта болған арнайы операцияға қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
ТЕКЕТІРЕС ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
Жээнбеков пен Атамбаев араздығы 2017 жылы алғашқысының ұлықтау рәсімі аяқтала салысымен басталды. Президент сайлауы кезінде Атамбаев Жээнбековты қос қолдап қолдаса,инаугурациядан кейін оның риторикасы өзгеріп сала берді. Қос көшбасшы қарым-қатынасының өзгеруіне жаңа президенттің билік басына келе салысымен жемқорлықпен күресуі себеп болды. Атап айтқанда Жээнбеков командасы билік тізгінін қолына алған сәттен бастап Атамбаев тағайындап кеткен кадрларды орнынан алып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғай бастады. Бір сөзбен айтқанда жаңа президет өзіне ыңғайлы жаңа саяси алаң қалыптастыруға кірісті. Осыдан кейін Атамбаев кешегі партиялас әріптесін қатаң сынап, жерден алып, жерге салу науқанына кірісті. Бастапқыда Жээнбеков экс-әріптесінің бұл әрекеттеріне қарсы ешқандай пікір білдірген жоқ. Бірақ кейіннен ол «Мен ешкімге бір адамның мүддесін қорғаймын деген уәде берген жоқпын» деп мәлімдеді. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегендей, екі басшының жолы осы мәлімдемеден кейін екіге бөлінді.
АТАМБАЕВҚА ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР
2019 жылдың маусым айында Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевтан «қол сұғылмаушылық» мәртебесін алып тастады. Оған «билікті күшпен тартып алу», «қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батукаевты бостандыққа шығаруға көмектесу», «жемқорлық» және «жер телімдерін заңсыз бөліске салу» баптары бойынша айып тағылды. Бас прокуратура жоғарыда аталған айыптардың ішінде «билікті күшпен тартып алу» айыбын негізсіз деп танып, қалған айыптар бойынша Атамбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғауға қаулы шығарды. Атамбаев «қол сұғылмаушылық» иммунитетінен айырылғаннан кейін, Қой Таштағы үйінен ешқайда бармайтынын айтып, құзырлы органдардың тергеуге шақыртуын қабыл алмады. Бірақ Жээнбеков билігін сынауды тоқтатпады. ІІМ тамыз айының 7-і күні экс-президент үйінде болған арнайы операцияға дейін Атамбаевты 3 рет тергеуге шақырды.
КРЕМЛЬГЕ ШАҚЫРТУ
Шілде айының 24-і күні Алмазбек Атамбаев Ресей билік өкілдерінің шақыртуымен Мәскеуге жол тартты. Онда ол РФ басшысы Владимир Путинмен кездесті. Бірақ кездесу Атамбаевтың пайдасына шешілмеді. Олай дейтін себебіміз, бас қосудан кейін Путин Қырғызстан халқын Сооронбай Жээнбековтың маңайына топтасуға, соған көмектесуге шақырды.
БҰДАН АРЫ НЕ БОЛУЫ МҮМКІН?
Алмазбек Атамбаевты ұстауға жасалған талпыныс белгіленген шектен шығып кетудің соңғы қадамы десек, онда алдағы уақытта Қырғызстан халқы екіге бөлінуі әбден мүмкін. Бір адамның өмірін қиып, 45 адамды жарақаттаған қанды қақтығыс «Жээнбеков – Атамбаев саяси сагасының» басы ғана тәрізді. Кешегі оқиғаға байланысты екі басшының жасаған мәлімдемелеріне қарап, бұл текетірес бүгін немесе ертең аяқталады деп айту қиын...