Түркіменстан мен Орталық Азия тыныштығын 21 шілде күні әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде тараған суық хабар бұзды. Атап айтқанда 62 жастағы түркімен басшысы Құрбанғұлы Бердімұхамедовтың өмірден озғандығы жөніндегі ақпарат жұрт назарын өзіне аудартты. Ақпараттың одан ары қызуына Ресейдің «Говорит Москва» радиосына сұхбат берген «Еуразия мәселелерін сараптау орталығының» директоры Аслан Рубаев себеп болды. Ол өз сұхбатында түркіменбасының көз жұмғандығын мәлімдеді. Кейінірек ол өзінің Facebook парақшасында «Бердімұхамедов отбасы мен жақындарынан және Түркіменстан халқынан кешірім сұрады». Бірақ мәселе осымен бітті деп айтуға әлі ерте. Неге дейсіздер ғой? Олай болса айтайық.
Жалпы, Орталық Азияда оппозиция өкілдері мен журналистер қауымы президент креслосын ешкімге бермей келе жатқан адамдарды мерзімінен бұрын бақилық қылуды әдетке айналдырған. БАҚ өкілдері осыған дейін Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты, Қырғыз басшысы болған Құрманбек Бакиевті бірнеше мәрте өлді санаған. Бірақ уақыт көрсеткендей екеуі де әлі күнге дейін арамызда жүр. Бірақ Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың өмірден озуы да дәл осындай сценарий бойынша болған. 2016 жылдың 28 тамыз күні «Ферғана.ру» оппозициялық сайты Ислам Кәрімовтың бақилық болғандығы жөнінде ақпарат таратқан. Кейіннен ресми Ташкент бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, мемлекеттік телеарналардан Кәрімов бейнеленген видеоларды қойған. Десе де, «Ақиқаттан қашып құтылмайсың» демекші, көп ұзамай Өзбекстанды 30 жыл жеке-дара билеген Ислам Кәрімовтың жүрек талмасынан көз жұмғандығы белгілі болды. Өзбек билігіне президент өлімін халыққа жеткізу үшін бір аптаға жуық уақыт қажет болды.
Кеше Түркімен президенті маңында болып жатқан оқиғаларға қарап, дәл осы Ислам Кәрімов оқиғасы еске оралды. Себебі ресми Ашхабад осыдан үш жыл бұрын Ташкентте болған жағдайды айна қатесіз қайталады. Дәл қазір дипломаттар «президент кезекті демалыста, БАҚ беттеріндегі ақпараттың барлығы жалған» деп мәлімдесе де, Құрбанқұлы Бердімұхамедовтың не өлі, не тірі екендігі белгісіз. Президент әлі күнге дейін халық алдына шыққан жоқ. Дәл қазір Түркіменбасы дін аман немесе ауыр науқас деп 100 пайыз дөп басып айту қиын. Бірақ бір нәрсені 100 пайыз сенімділікпен айтуға болады. Егер түркіменбасы аман болса, онда біз әлі талай музыкалық шедеврлар мен ат туралы, денсаулық туралы кітаптардың куәсі боламыз...