Ұлыбритания Гонконгқа қатысты Қытай-Британ декларациясындағы ережелер орындалмайтын болса, соңы ауыр салдарға әкеп соқтыратынын айтып, Қытайға ескерту жасады.
"Ұлыбритания 1984 жылы "Бір мемлекет - екі жүйе" принципіне негізделген халықаралық шартқа қол қойған болатын. Онда Гонконг халқының бостандық қағидалары бекітілген. Егер осы халықаралық заңдық күші бар келісім орындалмаса, Қытай үшін соңы жақсы болмайды. Британия бұрынғы Британ колониясындағы адамдарды қолдайды ", - деді Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Джереми Хант.
Кеше, 1 шілдеде Гонконгта наразылыққа шыққандар парламент ғимаратын басып алды. Алайда, Гонконг полициясы көз жасаурататын газ пайдаланып, ереуілге шыққандарды таратқан болатын.
Айта кетейік, Гонконгтың миллиондаған тұрғыны бір айдан бері Гонконг азаматтарын экстрадициялау туралы заң жобасына қарсы наразылық шеруін өткізіп келеді.
Экстрадиция туралы келісім диалогы 20 жылдан бері жалғасып келеді. Алайда тараптар нақты келісімге келген жоқ. Енді наразылыққа шыққандар басқарушы Кэрри Ламның қызметтен кетуін, экстрадициялау туралы заң жобасын қарауды күн тәртібінен түбегейлі алып тастауды, қамауға алынған белсенділерді босатуды талап етуде.