Үкіметке қарсы шерушілер Гонконгте кезекті мәрте шеру ұйымдастырып, салдарынан көлік хаосы орын алды. RTHK радиостанциясының хабарлауынша, шеру кезінде 100-ден астам рейс, атап айтқанда, Cathay Pacific және Hong Kong Airlines жергілікті авиакомпанияларының жұмысы тоқтатылған.
Оппозициялық күштер Гонконг тұрғындарын жаппай ереуілге шақыруда. Билік елде орын алған тәртіпсіздік экономикаға теріс әсер етуі мүмкін деп ескертіп отыр. Мәселен, Гонконг қор биржасында «Хан Сен» индексіндегі сауда-саттық бағасы 2%-ға төмендеген.
Гонконгтегі жаппай наразылық шерулері маусымда басталған. 16 маусымда 2 миллионға жуық адам наразылық шеруіне шыққан еді. Бұл ел тарихында болмаған массалық наразылық акциясы. Араға он күн салып экстрадициялау туралы заңға түзетулер енгізуге қарсы жүздеген демонстрант тағы да шеруге шықты. Олар Жапонияның Осака қаласында өтетін G20 саммитіне қатысатын 19 елдің консулдық кеңселеріне барып, басшыларынан Қытайға қарсы қысым көрсетуді талап етті.Наразы топ ел азаматтарының Қытайға экстрадициялау туралы заңға наразылық танытқан. Алайда, Қытай үкіметі бұл наразылық акциясын «шетелдік күштер ұйымдастырды», «олар Қытайға зиян келтіруге тырысуда» деп мәлімдеді.
Мұндай аса ауқымды наразылық шеруі Гонконгте 1997 жылдан бері болған емес. Сол тұста Британия үкіметі Гонконгті Қытай үкіметінің айрықша басқару тәртібіне өткеріп берген болатын. Бұған наразы жүз мыңдаған адам көшеге шығып, ҚХР билігін қабылдауға қарсы наразылық білдірген. Гонконгта жергілікті әкімшілік басшысы Кэрри Лам заң жобасын күн тәртібінен алып тастау туралы шешім қабылдады, бірақ бұл үкіметке қарсы наразылық толқынын тоқтатпады.