29 мамырда "Хабар" арнасында тікелей эфирде президенттікке үміткерлердің арасында дебат өтті. Бір жарым сағатқа созылған теле-дебаттың ұйымдастырылуына бюджеттен 41 миллион теңге жұмсалды.

Теледебатқа Қазақстанның қазіргі президенті, "Нұр Отан" партиясы ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев, "Ақ жол" партиясының кандидаты Дания Еспаева және "Ауыл" партиясының кандидаты Төлеутай Рахымбеков келген жоқ.

Дебатқа Жамбыл Ахметбеков, Әміржан Қосанов, Амангелді Таспихов, Сәді-Бек Түгел, Тоқаевтың сенімді өкілі Мәулен Әшімбаев, Еспаеваны ұсынған "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев, Рахымбековтің орнына "Ауыл" партиясының жетекшісі Әли Бектаев қатысты.

Аталған теле-дебат үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміткерлер өздерінің сайлау бағдарламасын таныстырып, бір-біріне сұрақ қойды. Екінші кезеңде кандидаттар жүргізушілердің сұрағына жауап берді. Үшінші кезеңде кандидаттар сайлаушыларға қарата сөз сөйледі.

Биыл Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген.

Айта кетейік, Қазақстанда тікелей эфирде өткен теле-дебат осымен екінші рет өткізіліп отыр. Бұдан бұрын 2005 жылы өткізіліп, сол кездегі президент әрі президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаев қатыспаған еді.

"The Qazaq Times"