Соңғы жылдары Қытай мен Батыс елдері арасындағы экономикалық қақтығыстар, ақпараттық соғыстар барған сайын күшейіп, Қытай қаупі туралы айтылымдар ақпарат кеңістігін жиі шарлады. Осыған орай Қытайдың нақты әскери және соғыс қуаты қаншалық? Қандай әскери қолбасшылық өңірлерге бөлінген? Әскери техникасы мен армиясының артықшылықтары және кемшіліктері қандай? деген сұрақтарға жауап іздеп көрген едік. 

Тарихи тұрғы

Қытай өз тарихынан құдіретті ел болып тұру үшін қуатты армиясы болуы керек екенін жете ұғынған. Бұған Қытайдың солтүстігі мен батысындағы көшпелі-әскери өмір сүретін стратегиялық қарсыластары үлкен ықпал еткен. Ғұн, санбилер, жужандар, Түрік және Ұйғыр қағанаты, қидандар, шүржендер, таңғыттар, тибеттер, Монңғол, Жоңғар және Манжоу сынды елдер Қытайды қуатты армия құрып, оны және қару-жарағын тынбай дамытып отыруға мәжбүрледі. Қалай да көшпенділерден басым түсіп, егемендігін сақтап тұру үшін әскери тактикалар мен стратегияны жете зерттеді. Бұдан 2500 жыл ілгері «Сүн Зының соғыс өнері» атты кітап әскери істер турасындағы ең көне еңбектің бірі.

Осыдан 2000 жыл бұрын халық саны 60 миллионнан асқан Қытай жұрты, ең басты жауларына төтеп берумен қатар ел тұрақтылығын сақтау үшін де әр кезеңдегі патшалықтары миллионға жуық тұрақты әскер ұстауына тура келген.

«Сүн Зының соғыс өнері»

1840 жылы Қытайды билеп тұрған Цинь империясы әскер саны басым бола тұра өз заманындағы ең озық қаруланған Британиядан «Апиын соғысында» ойсырай жеңілді. Бұл жеңіліс оларды ұйқысынан оятып, ендігі жерде қару-жарақты дамытуға ден қоя бастады. Алайда, бұған ілгері дамыған Батыс елдері мүмкіндік бермеді.

1949 жылы Кеңес одағының қолдауымен коммунистік Қытай билігі орнады. Кеңес одағы мыңдаған мамандарын жіберіп әскери техникасының дамуына қолдау көрсетті. 1964 жылы Қытай ядролық сынақты сәтті аяқтатты, бұдан тыс зымыран, спутник зерттеп жасалды. 1960 жылдардан кейін Кеңес одағы өз мамандарын қайтарып әкетті, алайда Батыс елдерінен әскери-техник салаларында оқу тауысқан мамандары Қытайдың әскери технология саласын жалғасты дамыта берді.

Қазіргі Қытайдың әскери қуаты

2016 жылы Қытай мен Батыс елдері арасындағы экономикалық қайшылықтардың артуына байланысты Батыс ақпарат құралдары Қытайдың әскери қаупі туралы жарыса жазды. 2018 жылы 3 маусымда  АҚШ жыл сайын жария ететін «Қытайдың әскери қуаты жөніндегі есепте» Қытай әскери қадамдары туралы бірқатар тың мәліметтерді берді. Онда Қытайдың жақын жылдарда шетелдерден әскери базалар құруы мүмкін екенін, Джибутидағы база соның алғашқысы болатынын, келесі қадамда Пәкістанда Қытай әскери базасы болатынын ескерткен.

Аталған есепте, Қытай 2016 жылы зерттеп жасаған кванттық байланыс спутнигі сол елдің жаңа технология саласындағы зор ілгерлеуі деп бағалаған. Бірақ, АҚШ-тың радарға түспейтін B21 бомбалаушы ұшақтарымен салыстырғанда Қытай ұшақтары техникалық тұрғыда екі сатыға кенже қалған. Ал, Қытайдың ең озық жойғыш ұшақтарын АҚШ ӘӘК пайдаланатын F-22 ұшақтарына тең деп бағалаған. Бұл Қытайдың осы салада Құрама Штаттан техникалық жақтан 21 жыл артта екенін түсіндіреді.

2019 жылы 15 қаңтарда Құрамма Қорғаныс барлау қызметі мәлімдеме жасап: «Қытайдың кейбір әскери техникалары әлемнің алдынғы қатарына шықты. Олар бұл озық қарулары арқылы құқай көрсетіп, Тайуанды (Тайвань) өзіне қосып алуға әрекет етуі мүмкін. Бұл алаңдатарлық жағдай», – деп мәлімдеген.

DIA-дың өзінің сараптау қорытындысында: «Қытайдың әрекеттері жаһандық ауқымды соғыстан дерек бермейді. Алайда, аймақтық тұрғыдан бізге стратегиялық қарсылас ретінде қысым түсіре алады. Сондай-ақ, шағын көлемдегі қақтығыстарды тудыруы мүмкін», – деген.

2018 жылы  Британиядағы IISS эксперттері: «Қытай таяуда Ресейдің орынын басып, Құрама Штаттардың назарын аударатын ең басты қарсыласына айналуы мүмкін. Қазіргі таңда Қытай алыс аралыққа ұшатын зымыранды зерттеп жасауда. Қытайдың құдіретті бола түсуі Батыс елдерінің қатаң сынға тап болғанын білдіреді. Құрлықтық қаруларының сапасы салыстырмалы түрде артта болғанымен, көп айтарлықтай тез дамып келе жатқаны байқалады. 2020 жылы Қытайдың әскери жақтан автоматтандыру мен  информациялануды жүзеге асыра алатынында күмән жоқ. Соның өзінде Құрамма Штаттың бәсекелесі емес», – деп бағалаған

2017 жылы Қытайдың әскери бюджеті 151 миллиард 430 миллион доллардан асып, ЖІӨ ның 1.39 пайызын иелеген. Әскери шығындары жағынан Қытай АҚШ-тан кейін екінші орында тұрады.

2014 жылғы әскери бюджет

Америка Құрама Штаттарының қорғаныс ведомствосының мәліметтеріне қарағанда, Қытай әскери бюджетті көбейту арқылы кинетикалық-энергетикалық қаруды, жоғары қуатты лазерді, жоғары қуатты микротолқынды қаруды, бөлшектерді құрастыру техникаларын және электромагнитті импульстік қаруды дамытуда.

Чыңду J-20 5-ші ұрпақ жойғыш ұшағы

99А тұрпатты Қытай танкы

Қытайдың әскери техникасы дүниенің алдыңғы қатарына шыққаны жасырын емес. Десе де, дамыған Батыс елдерінен салыстырмалы артта.  Бірқатар сарапшылар Қытайдың әуе күштері АҚШ-тан 50 жылға кейін қалған деп қарайды. Ал, қытайлық әскери маман, әскери ЖОО-ның профессоры Дәй Шүй Қытайдың теңіз әскери күштерінің қуаты (2011 жылы) Кеңес одағының 1960 жылдарындағы теңіз күштерінің қуатына тең екенін айтқан.

022 типті зымыран қондырғылы кеме

Осыдан бірнеше жыл бұрын көп елдің біррікен әскери оқу-жаттығуында Түркия бұрынғы батыстық F-4 ұшағы арқылы Қытайдың сол кездегі ең озық соғыс ұшағын жеңіп шыққан.

«Қызылту–9» зымыраны

2014 жылы Қытай ЖІӨ-і АҚШ-тың 58 пайызына жеткен, бірақ, Құрама Шаттың жалпы ішкі өнімінің басым бөлегін әскери өнеркәсіп, ғарыш, комьютер секілді жоғары технологиялық салалар құраған. Ал, Қытайдың жалпы ішкі өнімінде тұрғын үй саласы, тұтыну бұйымдар өндірісі басым болған. АҚШ-та әлемдегі 100 әйгілі университеттің жартысынан астамы болса, Қытайдың тек екі жоғары оқу орыны ғана бұл университеттер қатарына кіреді.

Wuzhi-10 тікұшағы

Қытай әскери күштері 

Қытайдың тұрақты әскер саны 2 миллион 257 мың болып, әскер саны жағынан дүниенің ең алдында тұрады. Олардың  910 мыңы құрлық күштерінде, 300 мыңы теңіз күштерінде, 400 мыңы әуе күштеріне қарасты. Артиллериялық күштерінде 140 мың әскер бар.

Төменде АҚШ пен Қытай әскери күштері салыстырылған.

Бұл Қытай әскери қуатының АҚШ-пен салыстырылғанда біршама төмен екенін көрсетеді. Алайда, Қытай әлемдегі үшінші әскери және ядролық держава саналады.

 

Қытайдың бес әскери қолбасшылық аймағы

Әскери қолбасшылық аймағы Қытай Халықтық азаттық армиясының бірінші деңгейдегі әскери ұйымы болып табылады.  Ол Шығыс, Батыс, Оңтүстік, Солтүстік және Батыс әскери қолбасшылық аймағы болып бөлінеді.

Батыс әскери қолбасшылық аймағы

(Қытайдың Қазақстанға жақын Әскери қолбасшылық аймағы)

Қолбасшы: Жау Зұңчи (2016 жылы қаңтардан бері)

Бұл әскери аумаққа  Шынжаңмен қатар Сычуань, Ганьсу, Цинхай, Нинхия, Тибет және Чунцин қалаларын қамтыған жеті провинция мен қаланың қарулы күштері бағындырылған. Бас штабы Чэнду қаласында орналасқан және Құрлық армия қолбасшылық штабы Ланьчжоу қаласында орналасқан. Бұл Қазақстанмен іргелес орналасқан әскери қолбасшылық аймағы. Батыс әскери қолбасшылық аймағында Қытайдың тұтас құрлық күштерінің үштен бірі орналастырылған, әрі территориясы ең үлкен әскери әкімшілік аймақ. Негізінен 21-ші және 47-ші құрама армиялардан тұрады.

Қытай армиясының артықшылығы мен кемшіліктері

Артықшылығы:

Қытай – халық саны 1,4 миллиардты құрайтын, териториясы 9.6 миллион шаршы-шақырымды алып жатқан, әлемдегі екінші ірі экономикалық ел және әскери қуаты жағынан АҚШ пен Ресейден кейінгі орында тұрады. Бұл армия қуатына мынадай артықшылықтарды бере алады:

  1. Демографиялық басымдық; Халық санының көптігі адам ресурстары мығым экономикаға негіз қалаған.
  2. Табиғи ресурстарының молдығы; Мол ресурстар соғыста үлкен заттық негіз саналады.
  3. Кең территория; Кең территорияның болуы соғыста үлкен рөл ойнайды. Кезінде Жапония Қытайдың кең территориясын тез жаулауға әскери күші жетіспеген.
  4. Мығым экономика; Соғыс пен армия қуаты ел экономикалық қуатына тікелей қатысты.
  5. Политикалық күш; Ірі ел есебінде Қытайдың халқарадағы саяси ықпал күші де артып келеді.
  6. Әскер саны мен қару санының көптігі; Көптеген елдер әскери техника жағынан Қытайды басып озыды, айталық Жапония, Біріккен корольдік, Франция, Германия, Израиль. Халық саны мен әскер саны, қару-жарақ саны және территория мен экономикалық қуаты жалпы соғыс қуатын алдыға шығарған.

Кемшіліктері:

Қытай әскери қуатының әлсіз тұстары мен кемшіліктері де көп, оны мына жақтардан қарастыруға болады:

  1. Техникасының салыстырмалы артта болуы. Мысалы, Британия әскери техникасы жағынан Құрамма Штаттардан кейін немесе тең тұрады. Еуропа мен Азиядағы бірқатар елдің әскери техникасы Қытайдың алдында тұр. Ал, АҚШ болса соғыс қуатының барлық талаптарында алдыда деуге болады.
  2. Нақты соғыс тәжірибесінің жоқтығы. 1951-1953 жылы Корей соғысынан кейін Қытай ешқандай соғысқа араласпаған. Вьетнам соғысы, Ауған соғысы, Шығанақ соғысы, Ирақ соғысы ,Сирия соғысы қатарлы жаңжалдарға да бас сұқпады. АҚШ пен Ресей бұл соғыстардың бәріне қатысқан, практикалық соғыс тәжірибесіне ие.
  3. Стратегиялық ырықсыздығы. ҚХР құрылғаннан кейін, әсіресе 1960 жылдардан бері Қытайдың сенімді әскери одақтасы болмады. Қазір тек Пәкістан, Солтүстік Кореямен ғана шынайы әскери одақтас деуге болады. Ресеймен сенімді әскери ынтымақтастық орната алмаған. Ал шығысы мен оңтүстігінде Жапония, Корея, Вьетнам, Тайланд, Филиппин, Индонезия, Үндістан қатарлы елдермен тату емес. Бұл аталған елдер керісінше ең басты стратегиялық қарсыласы АҚШ-тың сенімді одақтастары. Оның сыртында АҚШ бас болған НАТО ең үлкен әскери одақ саналады.

“The Qazaq Times”