Қазақстандағы әлеуметтік заң қызметі - Antidolg.kz (Astana Hub резиденті) онлайн-медиацияны дамыту мақсатында 75 млн теңге көлемінде инвестиция тартты. Бұл туралы әлеуметтік заң қызметінің өкілдері хабарлады.

Аталған әлеуметтік қызмет саласына инвестиция салған - баламалы энергетика және инвестиция консалтингі саласында жұмыс істеп жүрген «М-КАТ» қазақстандық компаниялар тобы.

-   Азаматтық іс бойынша сотқа түсетін ауыртпалық жыл сайын 15 пайызға өседі. Мысалы жылына 4 млн адам сот жүйесімен бетпе-бет келеді. Сол арыз-шағымдардың көбі кредитор компаниялар мен жеке тұлғалар арасындағы қаржы мәселесімен байланысты. Бұл көптеген елде сотқа жетпей-ақ шешіледі. Міне, осы нәрсені Antidolg.kz стартапы Қазақстанда сәтті жүзеге асырып отыр, - дейді «М-КАТ» компаниялар тобының негізін қалаушы әрі жетекшісі Марат Әмірсейітов.

Astana Hub  басазында аталған стартап іске қосылғалы бері 3 мыңнан аса қазақстандық өздерінің түйіткілді мәселелерін шешу үшін компания көмегіне жүгінген. Барлық мәселе бойынша Antidolg.kz нәтижелі жұмысқа қол жеткізген.

- Біз нарықта түрлі даулы мәселелерді мәдениетті шешуді дамыта отырып,  борышкер-клиентер мен кредиторларды татуластыруды, ымыраластыруды үйрендік. Жоғары сот төрағасы Жақып Асанов медиацияны сот ісіне балама ретінде дамыту керектігі жайлы бірнеше мәрте айтқан және біз нарықта онлайн қарыз беріп отырған кредитор компаниялардың өзі клиенттермен кездесуге баруға дайын болғаны үшін және медиацияны дамыту маңызды екенін түсінгені үшін қуанамыз, - деді Antidolg.kz бас директоры Нұрхан Іскендір.

2019 жылдың басында Antidolg.kz онлайн-медиация бойынша Қазақстанның онлайн-қарыз нарығында жұмыс істеп жүрген ірі компаниялармен ынтымақтастықты сәтті жүзеге асыра бастады. Соның арқысында қазақстандықтар енді кредиттік қарызына қатысты даулы мәселелерін коллекторлар мен соттың араласуынсыз-ақ шеше алады.

- Тартылған инвестиция тиімді бағдарламамен қамтамасыз етуді жетілдіруге және қызмет түрін Қазақстан мен көрші елдерде дамытуға, кеңейтуге жұмсалады.  Сондай-ақ, стартап жұмысы табысты болатынына сенім білдірген бірнеше шетелдік венчурлы қорлармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Antidolg.kz сандық бағдарламаларды дамыту ісінде тарихта қалатын мүмкіндікке ие, - деді Antidolg.kz-тің дамыту жөніндегі директоры Бота Жұманова.

Онлайн-медиация – бұл екі тараптың дауына қатысы жоқ,  бейтарап, үшінші бір тараптың қатысуымен дауды реттеудің балама формасы.

Анықтама:

Antidolg.kz – клиенттерге онлайн-қарыздың сомасын негізгі қарыз сомасына дейін азайтуға көмектесетін әлеуметтік заң қызметі.

«М-КАТ» компаниялар тобы 5 бағыт бойынша жұмыс істейді. Соның ішінде инвестиция консалтингі, инновациялық индустрияны дамыту және балама энергетика сынды  бағыттар бар.

“The Qazaq Times”