Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковтың адвокаты Нурбек Токтакунов Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Сапар Исаковтың туыстарының пәтерлері мен дүние-мүлкін тартып алғысы келеді деп мәлімдеді.

Токтакуновтың сөзінше, ҰҚМК Исаковтан ешқандай офшорлы компаниялар, құпия банк есеп шоттарын, тыққан алтындар таба алмаған. Себебі, расында онда ешқандай артық дүние болған емес дейді.

«Олар дөрекі жолмен, бірақ тексерілген әдісті қолдана бастады. Туыстарының дүние-мүліктерін бұғаттап, қоғамға ақшаны қайда жұмсағанын көрсеткісі келмеді. Кейін бұл мүліктердің бәрін тәркілемек. Қазір олар Исаковтың әйелінің әке-шешесінің үйлерін бағалап жатыр. Мұнда қазір әйелі төрт кішкентай балаларымен тұрып жатыр. Бұл үйді олар таза еңбекпен сатып алған», - деп жазды адвокат Facebook парақшасына.

ҰҚМК баспасөз хатшысы Рахат Сулайманов Сапар Исаковқа қатысты тергеу жалғасып жатқанын айтты. Бірақ мүліктерді тәркілеу жөнінде ештеңе демеді.

Исаков биыл 5 маусымда «Бішкекте Жылу электр станциясын модернизациялау» жобасын жүзеге асырудағы коррупция ісі бойынша ұсталды. Оған қырғыз президенті жетекшісі орынбасары болып тұрған кезде, қытайлық компаниялардың мүддесіне жұмыс істеді деген айып тағылып отыр.

Исаковтың өзі бұл айыптарды мойындамайды.

"The Qazaq Times"