Жексенбі, 1 қыркүйек күні Ливия астанасы Триполидегі түрмеде орын алған тәртіпсіздіктен кейін жазасын өтеуші 400 адам түрмеден қашып кеткен, - деп хабарлайды eadaily.com Ливияның құқық қорғау органдарына сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, түрме бақылаушылары өз өмірлеріне қауіп төнгендіктен қамаудағылар шығарған бүлікке бөгет жасай алмаған. Бұл бүлік түрмеге жақын маңда белгілі бір қарулы топтар арасында қақтығыс болап жатқанын түрмедегілер білгеннен кейін басталған. Айта кету керек, түрмедегілердің көпшілігі кәдімгі қылмыстық істер бойынша сотталғандар немесе елдің 2011 жылы орнынан алынған бұрынғы басшысы Муаммар Каддафиге қолдау көрсеткендері үшін істі болғандар. Бұдан бұрын Триполидегі Ливия Ұлттық келісім үкіметі тоқтаусыз қақтығыстардың кесірінен ел астанасы мен оның төңірегінде төтенше жағдай жариялаған еді.
Бір-біріне қарсы күресуші топтардың арасындағы қақтығыстар ливиялық астанада 27 тамыздан бері жалғасуда. Онда, тіпті зымырандарға дейін қолданылуда деп хабарлайды жергілікті ақпарат көздері. Ливия Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы хабарларына қарағанда, қақтығыс салдарынан 39 адам қаза тапқан. Ведомостваның мәліметінше, қаза тапқандардың басым көпшілігі бейбіт тұрғындар. Қазіргі уақытта ливиялық астанадағы жалғыз әуежай өз жұмысын тоқтатқан.
Бәрімізге белгілі, Ливиядағы азаматтық соғыс 7 жылдан бері жалғасуда. Ол 2011 жылы елді 40 жылдан астам уақыт басқарған диктатор Муаммар Каддафи биліктен кетірілгеннен кейін дереу басталған еді. Қазіргі таңда қарулы топтар елдің ауқымды бөлігін өз қолдарына алған. Сонымен қатар, халықаралық қауымдастық тарапынан танылған елдің уақытша үкіметі шектеулі ғана өкілеттілікке ие болып отыр. Енді, осы жылдың 10 желтоқсанында Ливияда парламенттік және президенттік сайлаулар өтеді деп күтілуде.